Референдум нәтижесі – демократияның тағы бір жеңісі

Oinet.kz 07-06-2022 411

Screenshot_2.jpg

2022 жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Республикалық референдум өткізілді. Референдум Орталық комиссиясының осы жылдың 6 маусымында  жариялаған алдын ала  мәліметіне  сәйкес еліміз бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 11 734 642 адамның 68,06 пайызы немесе 7 986 293 адам қатысқан болса, олардың 77,18 пайызы конституциялық реформаларды, яғни ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді. 

Референдум нәтижесі – еліміздегі демократиялық үрдістердің тағы бір үлкен жеңісі.   

Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бізге не береді және олардың негізгі мақсаттары  қандай? 

1.Еліміздегі билік суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшеді, яғни:

- Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Өзгерістер мен толықтырулардың артықшылығы – саяси бәсекелестікті арттыру және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасалады. 

- Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқару құқығы берілмейді. 

- Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босату құқығына  ие бола алмайды. 

2.Өзгерістер мен толықтырулар бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөледі, яғни:  

- Сенаттағы президент тағайындайтын 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарады. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. 

- Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. 

- Конституциялық сот құрылады. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады. Оның құрамы былайша құрылады: 6 судьяны Парламент тағайындайды, төрт судьяны Президент тағайындайды, Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен Президент тағайындайтын болады. 

- Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді.

3. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыруға септігін тигізеді, яғни: 

- Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратын болады. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтардың сайлау құқықтары толық ескерілетіндігін көрсетеді.

- Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау құқықтары беріледі. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтуға негіз болады. 

4.Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуына жол ашады, яғни: 

- Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітіледі. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады.

- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайтын болады. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады.

5.Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталады, яғни:

- Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарап, тиісті бағасын береді. 

- өлім жазасы конституциялық жолмен алынып тасталады және елімізде қолданылмайтындығы  туралы шешім түпкілікті бекітіледі. 

- прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуына  жоғары қадағалауды қамтамасыз етеді.

- Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына кел¬тіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқық¬тары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.

Қорыта келгенде, Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мемлекет жұмысының негізгі принциптеріне қатысты және Жаңа Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл Конституциялық реформалар – еліміздегі ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы Ата Заңға енгізілген  өзгерістер мен толықтырулар қоғамымызға ең қажетті деген 20-дан астам заңдарға тиісті өзгертулер енгізілуіне немесе жаңадан қабылдануына ықпал етеді, өйткені осы конституциялық реформалар жүйелі сипатқа ие болып отыр, соның нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады деген үмітіміз зор.

БАҚЫТЖАН БЕЙСЕМБАЕВ, 

Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер»  медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы

"Жасына сай емес": Қысқа киім киген Айгүл Иманбаева сынға қалды
"Менің кішкентай балаларым, қыздарым бар": Вице-премьер әскердегі өлім жағдайлары жайлы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу