Шымкентте жаңа туған баласын көшеге тастап кеткен ана табылды
Шымкентте полиция қызметкерлері қаладағы аулалардың біріне тастап кеткен нәрестенің анасын тапты.
Полиция департаментінің айтуынша сәбидің анасы 27 жаста.
“Сәбиді 10 наурыз күні сағат 23:10-да студенттер Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы балалар алаңынан тапты. Сол жерде қатты суықтаған балаға жедел медициналық көмек көрсетілді. Бірінші кезекте жаңа туған нәрестені жансақтау бөліміне жатқызып, бір күннен кейін палатаға ауыстырды", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Екі күн бойы тәртіп сақшылары тастап кеткен баланың анасын іздеді. Қазір оған қылмыстық іс қозғалды. Іс бойынша тергеу жалғасуда.
"Аталған факт бойынша Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігі"қауіпке қалдыру" бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 12 наурызда 1995 жылы туған азаматша анықталып, полицияға жеткізілді", - деп қорытындылады Шымкент ПД баспасөз қызметі.