Түркістан: Мираста «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты мен бірқатар өзекті тақырыптар талқыланды
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөрееваның төрағалығымен партияның облыстық филиалы жанындағы «Miras» Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Мәжіліске кеңес мүшелері қатысып, 4 мәселені талқылады. Атап айтсақ:
• Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын талдау;
• Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының «Түркістан қаласына қойылған мүсіндемелердің ұлттық мәдениетті дамыту саласындағы жетістіктерін бейнелеудегі мәні мен сапасы» тақырыбында есебі;
• Ұлттық жәдігерлер мен мәдени мұраларымызды ұрпаққа жеткізу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстары жөнінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» МКҚК-ның есебі;
• Облыстағы көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды жинақтау және сақтау мәселелері жайлы Түркістан П.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының хабарламасы.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Исаева Н.Әбішұлы ұсынған қағидаттар жиынытығына байланысты: «Еліміздің әр азаматы «ұлтымызды ерекшелендіретін, ұлт ретінде мойындататын не?» деген сұраққа жауап беруге тырысу керек. Ол біздің ұлтымызға ғана тән құндылықтарымыздан басталады. Елбасымыздың ұсынған «Елдіктің жеті қыры» қағидаттар жиынтығы осыған дейінгі бағдарламалық мақалаларының жалғасы. Рухани тоқшылық – мәңгілік. Елбасының үндеуі де осы қастерлі ұғымды ел санасына сіңіруді көздейді. Ендігі біздің баршамыздың міндетіміз – Елбасы айқындап берген басымдықтарды іске асыруға көп болып, жұдырықтай жұмылу» - деді.
Осыған орай кеңес мүшелері аталған қағидаттар жиынтығы туралы кеңінен пікір алмасып, жеке ойларын білдірді. Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша облыстық П.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың есебі тыңдалды. Мәлімдеуінше кітапханада 200-ден астам сирек кітаптар мен қолжазбалар коллекциясы бар. Дегенмен бұл кітаптарға дезинфнекция, консервация және түптеу жұмыстарын жасауды талап ететіндіктен проблема жоқ емес.
«Заманнан заманға жеткен қолжазбалардың бірқатары өте мүшкіл жағдайда және жуық арада реставрация жасалмаса, ұзақ жылға сақталуы екіталай. Әлемнің бірқатар елдерінде бұл жұмыстарды жасау барысында тәжірибе мен материалық база қалыптасқан. Көне мұралардың түпнұсқалары мен көшірмелерін жинақтап, олардың электронды нұсқасын жасау көпшілікке тиімді әрі қолжетімді ету қаражатты талап етеді. Біз бұл жұмыстарды өз деңгейінде атқаруда бар күшімізді салып отырмыз» - дейді Жанат Сәдібекқызы баяндамасында.
Мәжілісте талқыланған мәселелер мен әрбір ұсыныстар партияның назарында болатынын айтқан Қалыйма Жантөреқызы Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жиынды түйіндеді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі