Шымкентте «Тіл — Тәуелсіздік тұғыры» атты конференция өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкентте қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тіл — тәуелсіздік тұғыры» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Оған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек және өзге де тіл мәртебесі үшін өлшеусіз еңбек етіп жүрген азаматтар мен лингвист мамандар қатысты.
Конференцияны кіріспе сөзбен бастаған орталық директорының міндетін атқарушы Дәурен Дүйсебаев келесі тілдерді оқыту мекемесінде жыл басынан бері 1200 азамат дәріс алғанын, орталықта қазақ тілінде мемлекеттік іс-қағаздар жүргізу, сондай-ақ орыс пен ағылшын тілдері және латын алфавиті тегін үйретілетінін атап өтті. Мұнан өзге мекеме әдістемелік оқу құралдарын әзірлеумен айналысады. Орталық басшысының айтуынша, тіл саласына қатысты іс-шаралар ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Сонымен бірге келесі жылы аталмыш мекеменің құрылғанына 25 жыл толмақ. Осыған орай орталық арнайы дайындық жұмыстарына кірісуде.
Өз кезегінде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Тәуелсіздіктің елге берген үш жемісін атап өтті. Ол мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуы және Алаштың зиялы азаматтары армандап кеткен елдің экономикалық жетістігі мен халық санының өсуі.
— Егемендік тұсында қазақ тілі кең құлаш жайды. Мемлекеттік тіл шын мәнінде қолдау тауып, қоғамның барлық саласына ендіру мәселесі қарқынды түрде жүргізілді. КСРО тұсында Шымкенттің өзінде жалғыз ғана №7 қазақ тілді мектеп болды. Бұрынғы Целиноград қаласына қызмет бабымен барған шағымда 34 мектептің ішінде біреусі ғана қазақ тілінде білім беретін. Бүгінгі таңда қазақ тілді мектептердің саны орысша оқытатын білім ошақтарынан әлдеқайда асып тұсты. Осының барлығын Тәуелсіздіктің қазақ халқына тартқан үлкен сыйы деп қабылдау керек, - деді қоғам қайраткері.
#рухани_жаңғыру