Көңіл қосып жүрген сұлуының руын сұрамайтын жігіттер бар

Oinet.kz 28-10-2021 3832

Бұған дейін ауылда оқып келген сіңілім қаладағы мектепке ауысты. Көрген сайын сабағын сұраймыз ғой. "Қандай тақырып, не сабақ болды? Сен қалай қатыстың? " деген сауалдарды жаудырамыз. Сондай бір күні ол әдеттегі сұрақтарыма таңданыспен жауап берді.

Screenshot_11.jpg

– Тәте, білесіз бе? Біздің сыныпта жеті атасын білмейтіндер бар екен, – деп бастады.

– Е-е, неше түрлі отбасы бар ғой, – дедім, аузыма басқа сөз түспей.

– Қыздарды қоя беріңізші. Жеті атасын білмейтін, сонысына түк намыстанбайтын, тіпті бұған "қажеті қанша?" дегендей түр танытқан ұлдарды көрдім. Масқара! – деді сіңілім таңданысын жасырмай.

– Қап, бұл ұят болған екен... Қыздар да білуі керек. Сен ше, айтып бердің бе? – деп сұрадым.

– Иә, айттым ғой. Айтпақшы, ауылдағы мектепте жеті атасын білмейтіндер аз болатын. Ал қалада көп. Ауылда жеті атасын білмейтіндерге "қазақ емессің" дейді, – деді.

Сол сәтте жолдасымның үйге бірде қалың ойға түсіп келгені, соған себеп болған оқиғасы ойыма оралды. Инженер-конструктор болып істегендіктен техникалық жұмысқа ебі бар. Сол қабілетіне қарай мектепте істейтін ағасы көмекке шақырған. Ағасының танысы бастауыш сыныпта оқитын ұлымен жүр екен. Балажан жолдасым әлгі кішкентай ұлды әңгімеге тартқысы келіпті. Сөйтіп сұрақтарды жаудырған ғой. Диалогтың қызған шағында жолдасым баладан:

– Жеті атаңды айтып берші, – деп сұрапты. Бала үндемей қалған. Сөйтсе әкесі:

– Оны сұрап қажеті жоқ. Басын қатырма. Ол түгілі мен білмеймін, – депті орысша. Сонда жаңағы жерде үнсіздік орнапты.

... Келін болып түскенде төргі бөлмеге шай құюға кірдім. Табалдырықтың оң жағындағы қабырғаға үлкен атадан тарқатып жолдасымның бауырларына дейін жеткізе жазып, іліп қойыпты. Жүрегіме бір жайлылық орнады.

Сол секілді тегін ұмытпайтын, мақтаныш үшін емес, ұрпағын адастырмау, ең әрісі азғындатпау үшін жеті атасын жаттатқан жұрт баршылық. Бірақ сондай отбасы азайып бара жатқандай. Көңіл қосып жүрген сұлуының руын сұрамайтын жігіттер бар. Қорқынышты, ол мүмкін жеті атаға жетпейтін бір атаның баласы шығар... Азғындық дегеннің бір түрі туысыңмен жақындасу емес пе? Ал біз ұрпақтың қандай жолда кетіп бара жатқанын неге бақылай алмай қалдық?

Айдана Шотбайқызы

Фейсбуктегі парақшасынан

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру – басты мақсат»
Коронавирус және пневмония: тағы 34 адам қайтыс болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу