20 қазаннан бастап карантин талаптары жеңілдейді
Үкіметтің онлайн-отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде карантин талаптары жеңілдетілетінін хабарлады. Мәселен, 20 қазаннан бастап вакцина салдырғандарға түнгі клубтарға баруға болады. Ал "жасыл" аймақтағы бизнес нысандарына түнгі сағат үшке дейін жұмыс істеуге рұқсат етілмек деп хабарлайды Oinet.kz.
Министрдің хабарлауынша, елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталған соң ведомствоаралық комиссия 20 қазаннан бастап карантин шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдаған.
ПТР-тесттің теріс нәтижесі немесе вакцинация төлқұжатын көрсеткен жағдайда қазақстандықтарға қарттар мен мүгедектер үйіндегі, балалар үйіндегі және басқа да медициналық-әлеуметтік мекемелердегі емделушілерге баруға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, ВАК түнгі клубтардың жұмыс істеуіне рұқсат беріп отыр. Дегенмен, көңіл көтеру орнына Ashyq қосымшасында "жасыл" мәртебесі бар адамдар ғана кіре алады.
"Қызыл" аймақтағы түнгі клубтарға 50-ден артық адам кіргізілмейді. "Сары" аймақта 70 адамнан, "жасыл" аймақта түнгі клубқа 100 адамнан артық кіргізуге рұқсат жоқ. Сонымен бірге, "жасыл" аймақтағы бизнес нысандарына сағат түнгі 03:00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшыларына сағат таңғы 05:00-ге дейін жұмыс істеуге болады. "Сары" аймақтағы кәсіпорындар түнгі 01:00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары сағат түнгі 03:00-ге дейін жұмыс істей алады.