«Зейнетке 58 жаста шығаруды талап етеміз»: Елордалық әйелдер митингке шықты

Oinet.kz 03-10-2021 5419

Нұр-Сұлтанда 50 жастан асқан бір топ әйел Еңбек министрлігінің алдында митингке шықты. Қолдарына "Зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды талап етеміз" деп жазылған плакат та алып шыққан. Артынша өздері жазған гимнді орындап, "билік зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтарсын" деп талап қойды. Бұл туралы 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы хабарлайды. 

Screenshot_2.jpg

Еңбек министрілігі ғимаратының алдына жиналғандар өздері жазған гимнді орындап берді. Басына ақ орамал таққан әйелдер қолдарына "Зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды талап етеміз" деген плакатты да ұстап шықты. Олар биліктің назарын аударатын басқа амал қалмады деп отыр. Өйткені, бұған дейін “Nur Otan” партиясына, президентке және басқа да құзырлы органдарға жазған хатымызға жауап алмадық дейді. 

“50 жастан кейін денсаулық нашарлайды, жұмыс та табыла бермейді. Зейнетке шығу жасын ұлғайтқанда адамдардың өмір сүру жағдайын ескермеген. Бізді естісін деп әдейі бүгін қарттар күнінде осылай митингіге шықтық. Әйейдердің зейнетке шығу жасы бұрынғыдай 58 жас болуын талап етеміз”, – дейді тұрғын Майкен Бигарыстанова.

“50 жастан кейін әйел болсын, еркек болсын ауру басталады. Әйелдердің бәрі кабинетте қалам ұстап, компьютердің алдында отырмайды. Көп әйелдер еден жуады, көше сыпырады, ауыр жұмыс жасайды. Зиян жұмыста жасайтын әйелдер бар. Оларға 63-ке дейін жету өте қиын ”, – дейді тұрғын Кенже Сембаева

Зейнетке шығу жасын біздің үкімет Еуропаға қарап бекітті дейді жиналғандар. Ал олар біздің өмір сүру жағдайымыз Еуропағыдан алыс деп ашулы. Министрлік алдында әндетіп тұрған әйелдерді полиция қызметкерлері де бақылап тұрды. Біраздан кейін оларды министрлік қызметкерлері ғимаратқа кіргізген соң, бір топ әйелдің талабы ұзақ дискуссияға айналды.

“Біз мәселеден қашпаймыз. Сіздердің талабыңыз бойынша вице-министр Ақмади Сарбасов жұмыс істеп жатыр. Ол қазір іссапарда жүр. Талабыңыз ескерусіз қалмайды”, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамтамасыз ету департаментінің директоры Виктория Шегай. 

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков әйелдердің талабын министрге жеткіземін деп уәде етті. Десе де, заңды өзгерту үшін 3-4 ай уақыт кететінін ескертті. 

Күні кеше бостандыққа шыққан Арон Атабек туралы не білеміз?
Каспий теңізінде итбалықтарды құтқару сәті видеоға түсірілді (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу