Қайтыс болған адамға «иманды болсын» деп айту дұрыс емес
«Иманды болсын» деген сөз ненi бiлдiредi? Алдымен осыған көңiл бөлейiк.«Иманды болсын» деген сөз «мұсылман болсын» дегендi бiлдiредi деп жазады әлеуметтік желіде Нұркамал Нұрахмет атты желі қолданушы.
Мысалы, әкесi өмiрден қайтқан адамға көңiл айтқан кезде: «Әкең иманды болсын» демек «әкең мұсылман болсын» десең дұрыс па? Кезiнде осы жөнiнен бiреу: «Қалайша тiрiсiнде намаз оқымаған адамды өлген соң мұсылман болсын деп айтасыңдар?»-деген едi. Бұрынғы кезде атамыз қазақ көңiл айтқанда ешқашан «иманды болсын» деп айтпаған!
Көңiл айтқанда қолданылатын сөздер мынадай болады:
«Қаза қайырлы болсын» дейдi. Бұл артында қалған бала-шағасы, ағайын-туыстары, жақындары аман болсын дегендi бiлдiредi.
Кейде қатты қайғырып есiнен танып жатқандарға басу айтады: «Амал не, «тас түскен жеріне ауыр деген бар, тірі адам тіршілігін жасайды, өлгеннің артынан өлмек жоқ, бекем бол, денсаулығыңды ойла, бала-шағаға бас-көз бол» деп жатады.
P.S.: Әлеуметтiк желiлерде қазақша бiлмейтiндер де көңiл айтқанда «иманды болсын» деп айтып жатады. Олар да қазақ тiлдiлерден естiгенiн, олардың жазғанын көрiп қазақша көңiл айтқанда «иманды болсын» деп адасты. Иманы саламат болсын, мекені жәннат болсын деп айтса дұрыст. Бiрақ бiреудiң қайғысы кезiнде түзету айта алмайды екенсiң, ыңғайсыз ғой. Осындай қателiктерден тазару керек. Өйткенi, ана тiлiмiзге, ұлттық ұстанымымыз бен санамызға жат сөздерге жол берiп жас ұрпақты дүбара етуге болмайды. Ана тiлiмiздi құрметтейiк, қолдану аясын кеңiтейiк, бiрақ тiлiмiздi дүбара қылуға жол бермейік.