Арыстағы жарылыста жылаған жігіт Германияда не істеп жүр? (фото)
2019 жылы Арыстағы жарылыс кезінде жылдам тараған роликтің авторы Исатай Әлібаев қазір Германияда тұрады. Жат жерде не істеп жүр, неліктен шетел асты? Неліктен Instagram мен Telegram арқылы қазақстандық армияны сынап, блогерлікке бет бұрды? Aikyn.kz редакциясы запастағы аға лейтенантпен тілдесіп, осы және өзге де сауалдарға жауап алды.
Арыстағы әскери бөлімде Исатай Әлібаев лейтенант шенінде рота командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған болатын. Жарылыстан кейін Шымкенттегі әскери бөлімге ауыстырылып, шені аға лейтенантқа дейін өсіпті.
Алайда бұл бөлімде, жалпы қарулы күштерде ұзақ қызмет істей алмайтынымды түсініп, әлеуметтік желідегі танымалдығымды дұрыс пайдаланайын деп шештім. Әскердегі ақша бопсалау, бөлім бастықтарының қызметтік бабын асыра сілтеуі, асханада сарбаздың тамағын дұрыс бермей, жымқырып қалу деген сияқты әділетсіздіктермен күн сайын күресіп келдім. Бір күні неге соны жалпақ жұртқа роликтер арқылы жеткізбеске деген ой келді. Сөйтіп, бірте-бірте бейнемонтаждың, әлеуметтік желілердің қыр-сырын меңгере бастадым.
Исатай Әлібаев 2020 жылы шілде айында қарулы күштер сапындағы қызметінен кетіпті. Ол теріс қылықтары, яғни келісімшарт талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін жұмыстан қуылған-ды. Бұл жағдайды Қорғаныс министрлігі Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабында былай деп түсіндіреді:
Әлібаев қызмет бабында өзін теріс қылықты адам ретінде көрсетті. Мұндай шешім шығаруға оның әскери тәртіпке бағынбай, айтқанды орындамайтыны себеп болды. Қызмет еткен жылдары бірде-бір награда алмаған, тек екі марапат қағазына ие болған. Сондай-ақ оған 11 рет тәртіптік жаза шығарылған. Оның бесеуі – атқарған қызметіне тікелей қатысы бар міндеттер. Әскери бөлім қызметкерлері оның әрбір сөзі мен әрекетіне сақтықпен қарайды. Себебі ол адамдармен көп араласпайды, мінезі де, қызығушылықтары да басқаша. Әлібаевтың қазақстандық армия туралы роликтерінің бірен-сараны ғана шындыққа саяды. Басым көпшілігі «алдын ала тон пішуге» негізделген субъективті пікірге келеді және негативті материалдар арқылы танымалдығын одан ары арттыруды көздейтінге ұқсайды.
Министрлік айтып отырған роликтер Исатай Әлібаевтың Instagram-дағы парақшасында жарияланады. Ол жерде автор Германиядағы өмірі мен қазақстандық армиядағы келеңсіз жағдайларды әжуалайтын қысқа роликтермен бөліседі. Мәселен, соның бірінде әлдебір офицер әскери қызметкерлерден ақша бопсаласа, екінші бір роликте жоғары шенділер әскери дәрежесі төмендерге күш көрсетеді.
- Әбіләзовтардың қатарына қосып тастап отыр қазір мені. Халық жауына айналдым осы күнде. Шын мәнінде Instagram-дағы парақшамда мен ешкімді де үкіметке қарсы шығыңдар, төңкеріс жасаңдар деп үгіттемеймін. Көбіне-көп әскер қатарындағы солдаттардан ақша жинау, оларды ұрып-соғу сияқты әділетсіздік пен шындықты айтамын, көрсетемін. Ал кейбір ұйықтап қалған кезекші сарбаз туралы роликтермен, мысалы, сондай жағдайларды келемеждеу арқылы қызметке адал болу, дұрыс орындау керек деген ойды жеткізгім келеді.
Сонымен қатар ол Telegram-дағы арнасында қарулы күштер қатарындағы әділетсіздік пен құқықбұзушылықтарды әшкерелейтін фото және бейнематериалдарды жариялайды.
Кейде қызмет бабында қысым көрген сарбаздар өздерінің проблемаларын, жанайқайын жеткізіп тұрады. Мен оларды телеграм-арнама аты-жөнін жария етпей шығарамын. Телеграм-арнама қарулы күштердегі мәселелерді қарастыратын белгілі бір құрылымдар жазылған, оқып отырады. Солар оқып, ары қарай тиісті шара қабылдап жатыр деп ойлаймын.
Исатай қарулы күштер қатарынан кеткеннен кейін көлік жуу бекетінде, құрылыста жұмыс істеп, күзетші де болып күнелткен екен. Уақыт өте келе инкассаторлық қызметке жұмысқа тұру мүмкіндігі пайда болыпты. Алайда оның орнына Еуропаға жол тартуды жөн көреді.
- «Құжаттарды дайындап, жат елге көшуге жеті ай уақыт кетті», – естімедім дейді ол.