Жамбылдағы жарылыстан соң іс-түссіз жоғалған өрт сөндіруші әлі табылмады (фото)
26 тамыз күні Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орын алған жарылыстан бері 10 күн өтті. Алайда, оқиға орнына алғаш болып аттанған Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін табылмай жатыр. Бұл туралы КТК арнасындағы "Дау дамайсыз" бағдарламасының жүргізушісі, журналист Гүлмира Абықай Instagram парақшасында хабарлады.
- Жарылыстан бері 10 күн өтті… Оқиға орнына бұйрықпен алғашқы болып аттанған Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады. Арнайы штаб, әкімдік, туыстары бәрі іздеп жатыр, ләм-мим хабар жоқ.
Жарылыс маңындағы шопан “Сол күні құлағын жауып алған бір әскери адам тауға қарай бет алған” деген ақпар айтқан. Алайда, 10 күннен бері тепсе темір үзетін жастағы жігітті ешкім таба алмауда. Бәлкім, жойқын дүмпуден контузия алып есеңгіреп кетті ме, мүмкін құлағы тарс жабылып беті ауған жаққа кетті ме, мүмкін дәл қазір есін білмей аш-жалаңаш тау-тасты кезіп тірі жүрген шығар деп анасының жүрегі қарс айырылуда. Әйелі 5-ші баласына жүкті, үйде әкесін сарыла күтіп 4 бала отыр. Снарядпен бірге жарылып кеткен болса ендігі күлі табылып ДНК-дан анықтар еді. Не өлі не тірісін біле алмай ішқұса болдық деп жазыпты маған бауыры Еламан.
Тірі болсын, аман оралсын деп тілейікші! Қандай да бір сыбыс, хабар білген жандар болса КҮТЕМІЗ! - деп жазды журналист.