«Осы мәселеге назар аудару өте маңызды» - Аймағамбетов
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын аттестаттау рәсімі қайта қаралып жатқанын жеткізді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
- Тиімді менеджменттің нәтижесінде мектепте кәсіби ұжым мен оқуға арналған қолайлы орта құрылады. Сондықтан осы мәселеге назар аудару өте маңызды. Бір ауданда орналасқан екі мектеп, бірдей бағдарлама бойынша жұмыс істейтін, бюджеті, мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы да бірдей көрші тұрған қос білім ордасы екі бөлек нәтиже көрсететін жағдайлар кездеседі. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, мұндай айырмашылық көбінесе мектеп басшысына байланысты. Өйткені тек мықты директор ғана үздік нәтижелерге қол жеткізетін ұйымшыл ұжым қалыптастыра алады. Мұндай директор жұмысты тиімді ұйымдастырып, ата-аналар, оқушылар және білім беру құрылымдарымен ашық жұмыс істейді. Сонымен бірге қызметкерлерді жігерлендіріп, тек жетекші болып емес, шығармашылық тұрғыда шабыттандырушы әрі көшбасшы да бола біледі.
Бүгінгі таңда біз кадр мәселесіне тап болып отырмыз. Директор немесе оқу ісінің меңгерушісіне қойылатын талаптарға сәйкес келетін, аталған лауазымдарда жұмыс істеуге ниетті мықты қызметкерлердің қатары сиреп барады. Мұның бірнеше себебі бар. Мұғалімдермен салыстырғанда директорларға жауапкершілік көбірек жүктеліп, жалақының төмен болуына байланысты мықты педагогтер мектеп директоры болғысы келмей жатады. Бұл мәселеге әсер ететін басқа да бірқатар себеп бар. Сондықтан орта білім беру ұйымдарының басшылары қолдауды қажет ететіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша біз мектеп басшылығы лауазымына тағайындау тәртібі, біліктілікті арттыру жүйесі, еңбекақы төлеу және мектеп директорларын аттестаттау рәсімін қайта қарап жатырмыз. Сондай-ақ ротациялаудың жаңа институты енгізіліп жатыр. Алдағы бірнеше жазбамда осы сұрақтарға тоқталып, қабылданып жатқан шешімдердің себептері мен мән-мағынасын ашып айтуға тырысамын.
Аттестаттау бойынша.
Алғаш рет білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына аттестаттау және біліктілік санатын беру жүйесі енгізіліп жатыр. Аттестаттау үш жылда бір рет өткізіліп, екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде заңнама бойынша білімін тексеруге арналған және басқарушылық құзыреттері бойынша тест тапсырады.
Екінші кезеңде білім беру ұйымдарының басшылары белгілі бір уақыттағы атқарған жұмысының тиімділігі бағаланады. Оқу меңгерушілері үшін аттестаттау тестілеусіз тек бір кезеңнен тұратынын атап өткім келеді.
Аттестаттау нәтижелері бойынша комиссия атқаратын лауазымына сәйкестігі/сәйкес еместігі туралы және үш санаттың біреуін беру туралы шешім қабылдайды. Яғни, лауазымына сәйкестігі белгілі болса, директорға санат беріледі. Керісінше, лауазымға сәйкес емес болса, директор жұмыстан босатылуы мүмкін. Берілген санатқа байланысты директор немесе оқу ісінің меңгерушісі санат үшін лауазымдық жалақыдан 30%, 70%, 100% мөлшерінде қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар мектеп директоры мен оның орынбасарларының лауазымдық жалақысы жыл сайын 25%-ға артады. Бұл шаралардың барлығы мектеп басшылығының жалақысын мұғалімдердің орташа жалақысының деңгейіне жақындатуға мүмкіндік береді. Дегенмен, қабылданып жатқан бұл шаралар мектеп басшысы лауазымына ең мықты мамандарды тарту үшін жеткіліксіз.
Басшыларға еңбекақы төлеу жүйесінде бұрын-соңды ынталандырушы факторлар болған жоқ. Көшбасшының жалақысы оның тиімді немесе тиімсіз болуына байланыссыз бірдей болатын. Сонымен қатар мектепте 80 бала оқитын білім ордасының директоры мен 1200 бала білім алатын мектеп директоры бірдей жалақы алады. Қазір біз аттестаттауды және жұмыс тиімділігі үшін қосымша ақы төлеу жүйесін енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ мектептің жобалық қуаттылығына байланысты лауазымдық жалақыны дифференциялауды енгізу жоспарда бар. Сондықтан алдағы уақытта да біз мектептерді ең мықты педагогтердің басқаруы үшін шаралар ұсынатын боламыз. Мектеп директорларын іріктеу, тағайындау және оларды ротациялау жүйесі де маңызды болып табылады. Ұзақ талқылаулардан кейін біз осы жүйеге енгізілетін елеулі өзгерістерді дайындадық. Бұл туралы келесі жазбамда толығырақ айтамын - деп жазды министр.