Ауған студенттері Қазақстан билігінен көмек сұрап отыр
Қазақстанда оқитын ауған студенттері еліміздің білім және ғылым министрлігінен көмек сұрады, деп хабарлайды Atameken Business.
Олар министрлікке жазған хатында Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанда қала тұруды өтінген. Алматы қаласына 7 жыл бұрын оқуға келген Фазыл Бахигтің виза мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалды. Ол туған жеріне қайтқысы келмейтінін айтады. Өйткені, студенттің сөзінше, тәліптер басып алған елді үрей билеген. Ауғанстандағы жақындары да қорқынышта өмір сүріп жатыр.
- "Ауғанстанды "Талибан" жауынгерлері жаулап алды. Бұл өміріміз үшін аса қауіпті. Бізге Қазақстанда тұру үшін рұқсат берсе. Виза ма, әлде басқа құжат па, оны өздері шешеді. Мемлекетіміз қайта қалпына келсе, соғыс бітсе, біз туған жерімізге қайту туралы өтініш жасаймыз. Қазір Ауғанстаннан тек қана біз ғана емес, көптеген халық қашып жатыр", - дейді Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің магистрі Фазыл Бахиг.
Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда оқитын Ауғанстаннан келген студенттерге визалық қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлады. Ведомство мәліметінше, еліміздің оқу орындарында 102 ауған студенті білім алуда.