«Президент спорт саласына арналған үлкен кеңес өткізбекші» - Дәурен Абаев
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатының кезекті санында Жапония астанасында өткен Жазғы Олимпиада ойындарының нәтижесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Мемлекет басшысы Олимпиадаға қатысты өз пікірін білдірді. Олимпиада командасының нәтижесі еліміздің спорттық әлеуетіне сәйкес келмейді. Менің ойымша, бұл пікірмен бәрі келіседі, - деді ол сұхбат барысында. Оның айтуына қарағанда, мұндай жағдайда біреуді жұмыстан шығарып, қалыптасқан жүйені қайта құру арқылы елдің көңілін тыныштандыруға болады. Бірақ ол жүйелі кемшіліктерді шешпеуі мүмкін.
- Қазір балдымызда тұрған міндет басқа – қателіктермен жұмыс істеп, осы саладағы барлық процестерді талдау керек. Айтпақшы, Президент негізгі бағдарды нұсқады. Бұл – бұқаралық және балалар спортын дамыту. Осы бағытқа түсуіміз керек. Яғни, ең бастысы – ауылдарда қаладағыдай спорттық инфрақұрылым қалыптастырып, мүмкіндігінше балаларды тегін спорт секцияларына көбірек тарту. Әрине, білікті жаттықтырушылар мен нұсқаушыларды даярлау қажет, - Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, ол Олмпиада қорытындысы бойынша үлкен талдау жасалып, ревизиялық жұмыс жүргізілетінін атады.
- Ревизиялық жұмыстардың барысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында болады. Әлқисса болсын, Президент күзде спорт бойынша үлкен кеңес өткізуді жоспарлап отырғанын айтайын. Әрине, спорт саласындағы барлық жаңалықтар туралы жұртшылыққа өз кезінде хабарланады, - деді Дәурен Абаев.