Былапыт сөзді боратқан «завучты» қызметке тағайындаған директор орнынан босатылды
Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан педагог әлеуметтік желіні шулатқан болатын. Оның бұл іс-әрекеті видеоға түсіп қалған. Кейіннен белгілі болғандай, былапыт сөзді қарша боратқан әйел - Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов атындағы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Аты-жөні - Ұлжан Елмұратова. 34 жаста. Былтыр қарашадан бері аталған мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Бұл туралы мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлжан Елмұратова шаруашылық меңгерушісі, үш айдай бастауыш сыныптарға дене-шынықтырудан үйірмеде жетекшілік еткен. Былтырғы қарашадан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болыпты.
Директордың дерегінше, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары отбасылы, төрт баланың анасы. Мектепке келгенше бірнеше балабақшада меңгеруші болғанын айтты. Ол қазір кезекті еңбек демалысында. Ол ауруханаға жатып қалған көрінеді. Сол себепті аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы, арнайы ұсыныс хатты пошта арқылы жеткізіпті.
"Ұсыныс хатта жазамыз 17-сі күні сағат 16-00- ге дейінгі уақытта мектепке өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа түсуіңізді сұранамыз деп жазамыз. Егерде ол кісі біздің алған хабарламамызға қол қойып алып тұрып келмеген жағдай болатын болса, онда мектептегі өздерінің тәртіптік кеңестері кеңестері бар мектеп ішінде, әкімшілік кеңестері бар өздері жиналып осындай кешегі Фейсбуктағы жағдайға байланысты толық жұмыстан шығаруға мүмкіндіктері бар", - дейді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.
Бүгін белгілі болғандай, мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе қызметінен босатылыпты. Бұл туралы танымал заңгер Айгүл Орынбек Faceboоk парақшасында хабарлады.