Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Бүгін ауданға аудан әкімінің арнайы шақыртуымен «Қазсушар» РМК Түркістан облысы филиалының директоры лауазымына жаңадан тағайындалған М.Керимжанов арнайы келіп, аудан әкімімен бірге құрылыс жұмыстары жүріп жатқан су нысандарын аралады.
Аудан әкімі мекеме басшысы алдында былтырдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерді көтеріп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды.
Бірінші кезекте М.Керимжанов Арыс ауылдық округіндегі «Қызыл» магистральді каналына табан тіреді. Бұл жерде жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес канал бойынан мал суаратын орын мен өткел қалдыру және каналға су жіберу мәселесі талқыланып, оң шешімін тапты. Каналдың Мақталы ауылының маңынан уақытша мал өткелі мен суару орны ағымдағы жылдың 10-шы мамырына дейін дайындалып, су жіберілетін болды.
Содан соң, Мерлан Абдрахманұлы Шақпақ, Жабағылы және Кемербастау ауылдық округтеріндегі «Бала-Құлан», «Құлый» және «Ұзын» каналдарын аралап, жергілікті тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, «Бала-Құлан» каналының бітпей тұрған 80 метр жерін бетондау жұмыстарын аяқтауға 10 күн мерзім белгілеп, ауылға су жіберуді тапсырды. Қалған жұмыстарды күз айларында суару маусымы аяқталғаннан соң жалғастыру қажеттігін ескерді. «Ұзын» каналының бойынан 20 метірлік мал өткелін жасап, мал суару орнын ұлғайтуды тапсырды. Әр бір су нысанының жобасына(проэкт) өзгерістер еңгізіп, тұрғындар өтінішіне сәйкес қосымша су реттеуіштер орнату қажеттігін атап өтті. «Құлый» және «Ұзын» каналының маңызды бөліктерін бетондау жұмыстарын ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін аяқтап, су жіберуді тапсырды.
Нысандар басында тұрғындар өтініштерін, мердігердің уәжін тыңдап, тез арада халықты ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шешімдер қабылданды. Тұрғындардың құрылыс жобасын өзгертуге қатысты көтерген бірқатар мәселелері бойынша Республикалық Су ресурстары Комитеті басшылығы алдына аудан әкімдігі мен облыстық филиал тарапынан бірлесе ұсыныс енгізілетін болып келісілді. Атап өтерлік жайт, нысандар құрылыстары 2020 жылы басталып, 2022 жылға өтпелі.
Өтініштерінің барынша тездетіп шешілуіне ат салысқан аудан әкімдігі мен «Қазсушар» мекемесінің өкілдеріне ауыл ақсақалдары алғыстарын айтып, игі іске мұрындық болған жандарға баталарын берді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі