Бауыржан Ілімшеұлы "Qala uaqyty" бағдарламасының қонағы болды
«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ONTUSTIK телеарнасының «QALA UAQYTY» бағдарламасында кәсіподақтардың негізгі міндеттері мен қызметтері тұрғысында кең көлемде сұхбат берді.
Бауыржан Ілімшеұлы алдымен, тарихи тамыры терең, әрі танылуы одан бір кем түспейтін кәсіподақтар ұйымының мемлекет пен қоғам өмірінде алып отырған орны мен атқаратын қызметі өте кең екенін атап өтіп, кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе еңбек адамының құқын қорғау екенін, сондай-ақ, жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар, кәсіподақтар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізді.
– Шымкентте Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін 8 қалалық салалық филиалдар мен 3 жергілікті кәсіподақтар бірлестіктер жұмыс жасайды.
Жалпы 593 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіподақ қатарын көбейту бойынша біршама жұмыс жүргіздік. Нәтиже де бар, бірақ бұл жеткілікті емес. Көбінесе кәсіпорындар басшылығы тарапынан қолдау таппайтын бұл мәселенің маңызын жұмыскер проблема туындағанда ғана сезінеді.
Жалпы 16204 кәсіпорынның: 558-і мемлекеттік және 15646-сы жекеменшік кәсіпорындардың басым бөлігінде карантиндік режим жеңілдетілгеннен кейін және Үшжақты комиссияның белсенді жұмыс бастауынан кейін ұжымдық шарт жасауда ілгерілеушілік бар, – деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Кәсіподақ төрағасы қала аумағында құрылған Үшжақты комиссия бойынша ақпарат берді. Бауыржан Ілімшеұлының мәлімдеуінше, Үшжақты келісім өте тиімді институт. Бір жағы мемлекеттік орган – әкімшілік, екінші кәсіподақ, үшінші Жұмыс берішушілер конфедерациясы. Шымкент қаласының Үш жақты комиссия отырысында еңбек қатынастары, оның ішінде еңбек, ұжымдық шарт жасасу бойынша, өндірістік жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздары орын алған кәсіпорындар, мекемелер басшыларының және қызметкерлерінің қатысуымен қарап, олардың жауапкершігін арттыру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты негізде күн тәртібіне сәйкес жоспарлы жүргізіліп, нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіліп келеді. Мәселен өткен жылы үшжақты комиссияның 4 отырысы болса, осы жылы 3 отырысы өтті. Қазіргі таңда көшпелі отырыстарды да өткізу қолға алынған. Яғни, жұмыс орнына барып, жұмысшылармен бетпе-бет жүздесіп, мәселелерін тыңдап, сол мәселелер төңірегінде тыңғылықты жұмыстар атқарылады.
Бауыржан Ілімшеұлы сөз соңында, кәсіподақтың елімізде, халық арасында кеңінен, бүгінгіден де танымал болуы, кәсіподаққа деген халықтың, еңбек адамының, жұмыс берушінің сенімі арта түсуі, кәсіподақтың елдегі, қоғамдағы алатын орнының нығаюы, Кәсіподақтар Федерациясының халықаралық еңбекті қорғау, кәсіподақ ұйымдарындағы дәрежесінің өсуі, еңбек даулары туындайтын себептер мен салдарды жоюға бағытталған шараларды оңтайландыру, заңдастыру және әлеуметтік-әріптестік негізінде, еңбек дауларын алдын алу, оларға жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, дер кезінде тиісті шараларды іске асыруды мақсат тұтып отқанын жеткізді.
#kasipodaqkz #ППО21 #профсоюзпомогает #СоцПартнерство #БезопасныйТруд
#КакЖивешьПервичка #ФПРК #Шымкент