Дина Нұрпейісоваға арналған конференцияға күйшінің шөбересі қатысты

Oinet.kz 22-04-2021 929

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  ұйымдастыруымен қазақтың әйгілі күйші композитор қызы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «ХХ ғасырдағы дәстүрлі мәдениет мұрасы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті. 

ebbbb64c-1c55-4c98-bdee-bf07a9164e36.jpgЖиынды ашқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев Халық әртісі, дарынды күйші, композитор Дина Нұрпейісованың шығармашылығына тоқталып, аталмыш конференцияның маңыздылығын айқындап көршілес елдерден қатысып жатқан қонақтар мен консерваторияның ардагер ұстаздарына алғыс білдірді. 

-"Қасиетті күй өнерінің сәйгүлігі атанған аңыз күйші қалдырған мұра – бүгінгі ұрпаққа көркем үлгі әрі аманат. Ата-бабаларымыздан қалған мол мұраны қастерлеп сақтау, жаңғырту, келер ұрпақтың бойына сіңіру – біздің борышымыз. Сондықтан осындай терең мәнді жиындарымыз көп болсын!",-деді А.Жүдебаев.

Онлайн  форматта өткен жиынға Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің Дәстүрлі музыка және фольклор кафедрасының меңгерушісі, манасшы, Қырғыз ұлттық білімдер академиясының ізденушісі Самат Кочорбаев, М.Турсунзаде атындағы Мәдениет және өнер Тәжікстан мемлекеттік институтының профессоры, өнертану докторы Фируз Ульмасов, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Елена Звонова, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің өнертану кандидаты, пофессор Раушан Малдыбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Карима Сахарбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәуле Өтеғалиева және Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Айтолқын Тоқтаған қатысып, баяндама жасады.

531f5579-3c58-45aa-80ed-e00294617f10.jpg

Сондай-ақ, конференцияға қатысқан Республикалық «Күй Анасы» қорының атқарушы директоры, педагогика ғылымының кандидаты, профессор, Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Қуанышев әжесі жайлы тың деректер және ерекше естеліктермен бөлісті.

Дина Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Нарын-құм деген жерінде дүниеге келген. Домбырада ойнауды әкесінен үйренген. Ол Төлеңгіт руынан шыққан Кенже отбасындағы үш қыздың бірі болған. Оның екі әпкесі әнді шебер айтатын, ал әкесі Динаға олардың әндерін домбырамен сүйемелдеуді ұсынды. Динаның алғашқы ұстазы әкесі болса, кейінірек оның тәлімгері атақты Құрманғазының өзі болды. Ол бала кезінен Дәулеткерей, Құрманғазы, Мұхит, Мүсірәлі, Ұзақ, Әлікей, Түркеш, Есжан, Байжұма, Баламайсанның және басқа да белгілі күйшілердің күйлерін жақсы орындап, «домбырашы қыз» атанған.

Дина Нұрпейісова өзінің көптеген замандастары сияқты, жаңа ұлттық мәдениет құруда дәстүрлі музыканттың, шығармашылық тұлғаның орасан зор рөлін көрсетті. Оның шеберлігі ғасырлар бойғы ауызша дәстүрлердің символына айналды. Қазақтың дәулескер күйші қызының ықпалымен ұлттық композиторлық мектептер мен бұқаралық өнер пайда болып дамыды.

Nur Otan»: Сарыағаштағы БПҰ жиналысында ауданды дамыту мәселесі талқыланды
Бауыржан Ілімшеұлы "Qala uaqyty" бағдарламасының қонағы болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу