Терещенконың Түркістанда қанша гектар жері бар?

Oinet.kz 01-04-2021 1216

Тоқаевтың берген тапсырмаларынан кейін Қазақстанда тағы бір жер мәселесімен айналысатын комиссия құрылды. 

Сергей Терещенко.jpg

Оған мүше болған белсенділердің ұзын саны 80-ге жетіп отыр. Мұхтар Тайжан, Дос Көшім, Айдос Сарым, Жәнібек Қожық, Дәурен Қуат, Берік Әбдіғалиұлы сынды қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары бар. Сонымен бірге билік таразының басы тең болсын деген шығар, комиссияға Иван Сауэр, Александр Касыцин, Геннадий Зенченко, Александр Хильниченко, Игорь Жабяк, Саха Манатов, Талап Нұрбаев секілді жер иелері, ауыл шаруашылығымен айналысушы кәсіпкерлерді де қосақтаған. Олардың арасында экс-премьер, уақтысында Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Сергей Терещенко да бар.

Ақиық ақын Мұқағалидің Есенинге арнаған «Әй, Сергей, Сергей...» деп басталатын өлеңінде: - «Мен-дағы сол жақтанмын, Ауылданмын, Ауылдың ауруымен ауырғанмын», - деген сөздер кездеседі. Сергей Терещенко елордада Қазақстанның үкіметін басқарып, талай лауазымды қызметтерді атқарса да ешқашан өзінің ауылдан шыққанын ұмытқан емес. Аbаi.кz порталының жазуынша, Тәуелсіз Қазақстанның  алғашқы премьері, бертінде тасы өрге домалаған бизнесмен Терещенко бүгінде Халықаралық «Интеграция» қорының басқару кеңесінің төрағасы, «Ордабасы құс» ЖШС мен «Александровский сад» ЖШС-гінде, SDT Group, Sun-Bee Altai бал өнімін шығару кәсіпорынында, «VITA Жетысу» мал азығына арналған дәнді-дақыл өсіру кәсіпорынында, «Европолис Инвест» құрылыс компаниясында, Trans Caspian Resource логистика компаниясында, «Мадлен» кондитерлік компаниясында үлесі бар.  Алматы мен Оңтүстік Қазақстанның құрметті азаматы, Израильдің құрметті консулы. Оның Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының жетекшісі екенін де айта кетейік. Алайда Терещенконы көпшілік ірі жер иеленуші ретінде таниды.

2011 жылы «Азаттыққа» берген сұхбатында Терещенкоға: 

– Сізді жұртшылық Қазақстандағы аса ірі жер иеленушілердің бірі деп санайды. Өзіңіз бен шаруашылығыз жайында не айтасыз? - деген сауал қойылады. Бұған экс-премьер:

– Маған сондай бір сырттай атақ таңып қойған сияқты. Бірнеше шаруашылығым бары рас. Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында белгілі бір мөлшерде жерімнің бар екені де рас. Бірақ ол тек жалғыз өзімдікі емес, серіктес адамдар да бар. Бидай, жүгері егеміз, Алматы облысында соя өсіреміз, мен ол жерді ешқайда алып кеткенім жоқ, - деп жауап берген екен. Осы сұхбатта Терещенко өзінің  орташа жер иеленуші екендігін мойындаған. Экс-премьер Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстанда ірі жер телімдері барын мойындай отыра, сұхбат барысында оның көлемін айтудан бас тартады. 

Түркістан облысында Терещенконың қанша гектар жері бар? Бұл сауалдың жауабы алдағы уақытта белгілі болар деген сенімдеміз. Бірақ бүгінгі күннің ең басты сауалы бұл емес. Негізгі сауал мынау: Иелігінде пәленбай мың гектар жері бар Терещенко Жер комиссиясының құрамына не үшін енді? Ол комиссияда кімнің мүддесін қорғайды? Өзі сияқты жер иелерінің бе? 

«Forbes Kazakhstan» журналының тұжырымы бойынша Сергей Терещенко Қазақстандағы ең дәулетті деген 50 бизнесменнің тізімінде 38-орында тұр. 

Тоқаев коронавирусқа байланысты кеңес өткізеді
Түркістан облысында камералық бақылау нәтижесін беруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу