Динара МӘЗЕН, аудармашы, филолог: Көркем аудармаға жүрегі дауалап баратын аудармашылар көп емес
– Динара Балтабекқызы, бүгінге дейін неше кітапты «қазақша» сөйлеттіңіз?
– Көркем аударма саласындағы қадамым 2012 жылы басталды. Сол кезде «Аруна» баспасымен жұмыс істеп, балаларға арналған бірқатар әдеби шығармалар, энциклопедияларды аудардым. Сондай-ақ Ұлттық аударма бюросында түрлі саладағы оншақты оқулықты аударуға қатыстым. Қазір «Steppe & WORLD Publishing» баспасының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Оның басшысы Раиса Сайранқызының бастамасымен әлемдік үздік туындыларды қазақ тілінде сөйлетуге үлес қосып жатырмыз. Былтыр әлем балалар әдебиетінің бестселлері – «Хәрри Поттер» (Harry Potter) сериясының үш томын аудардық. Құдай қаласа, биыл қалған төртеуін шығару жоспарда бар. Одан бөлек басқа әлемдік озық шығармаларды қазақ тілінде ұсыну көзделген. Осы мақсатқа сәл де болса үлес қоссақ аудармашы ретінде мақсатым орындалар еді.
– Ғылыми кітапты аударғанның машақаты көп пе әлде әдеби кітаптың ба?
– Ғылыми аударма бір қарағанда қиын көрінгенімен терминдердің қазақ тіліндегі баламасы сәтті, оңай табылса уақыт өте келе аудармашы оған төселіп алады. Басты мәселе сол терминдердің дәл баламасын табу. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарын аударғанда, медициналық құрылғылар немесе техникалық жабдықтарды аудару кезінде аудармашы көп қиналады. Ол тілде бар, қалыптасқан сөз болса жақсы, болмаса транскрипция әдісі, калька немесе ойдан жаңа сөз шығару сияқты түрлі әдістерге жүгінуге мәжбүр болмақ. Әрине ғылыми аударма жасайтын адам саланы жетік білгені жақсы. Қате түсінілген бір сөз тұтас сөйлемді бұрмалайды. Ағылшын тіліндегі бір сөздің бірнеше мағынасы бар, сондықтан ғылыми сөздіктер қажет. Ғылыми аударманы қолға алар алдында сөздік, глоссарий жасап алуға мән берген абзал болмақ. Қазіргі кезде арнайы аударма жады (TM – translation memory) бар бағдарламалық жасақтамалар көп, олар техникалық аудармашының жұмысын көп жеңілдетеді. Шетелдік компаниялар оларды кеңінен қолданады. Ұлттық аударма бюросы «Smartcat» деп аталатын платформаны қолданды, ғылыми еңбектердің көбі осы жүйе арқылы аударылды. Отандық аударма компаниялары, мемлекеттік мекемелер аударма сапасын көтеру үшін осы секілді құралдарға көшуге тиіс. Әлбетте, оларды енгізу біраз қаржыны талап етеді, дегенмен жұмыс сапасы мен жылдамдығын ескерсек, ол ақталады деп ойлаймын.
Көркем аудармаға келсек, оған жүрегі дауалап баратын аудармашылар көп емес. Бұл кезде аудармашыдан белгілі бір деңгейде жазушыға тән қасиеттер талап етіледі. Яғни сөз байлығы, тілінің шұрайлы болуы, аударатын тілді жақсы түсінумен қатар ана тілін өте жетік білуі шарт. Оған қоса, көркем аудармашы жалпы кітапты, әдеби шығармаларды жанындай жақсы көруі тиіс деп ойлаймын. Бала кезінде кітап «кемірмеген» адамның өскенде жақсы әдеби аудармашы болуы екіталай. Өзім жұмысты техникалық аударма жасайтын компанияларда бастадым (аудармашылардың көбі солай бастайды), бірақ әркез бүйрегім көркем аудармаға бұрып тұратын. Әдеби туынды аудару процесі өзіме қатты ұнайды.
– «Қазақ тілі ғылымның тілі емес» дейтін пікірге келісесіз бе?
– Сізге басымнан өткен бір жағдайды айтайын. Жақында таксиге отырдым. Жүргізуші аудармашы екенімді білгенде өз саласына қатысты оқулықтарды аударуды өтінді. Ол кісі бақылау-өлшеу құралдары (КИП) бойынша инженер мамандығын алған, ал ол салада қазақ тілді оқулық мүлдем жоқ екен. Бірлі-жарым терминдері аударылған шығар, бірақ жүйелі ғылыми тіл қалыптаспаған. «КИП терминдерін қазақша айтсақ шатасып қаламыз, сондықтан орысша қолдана береміз» деді ол. Көптеген ғылыми сала осы мәселені бастан өткеріп отыр. Оқулықтар орысша, қазақ тілінде жүйелі терминдер жоқ, студенттер күнделікті өмірде орыс тіліндегі нұсқасын қолдануға мәжбүр. Дәрігерге барсаңыз қағазды орысша толтырады, орысша түсіндіреді. «Қазақ тілі ғылымның тілі емес» деген пікір осы жағдайдан келіп шығады. Қазақ тілі ғылым тіліне айналу үшін оқулықтардың бәрін өте сапалы етіп, қазақшаға аудару керек. Бұл үлкен жұмыс, бірақ істеуге болады. Ұлттық аударма бюросының «100 оқулық» жобасы кезінде әлеуметтік ғылымдар бойынша көптеген термин сараланды. Оған аудармашылар мен сала мамандары қатысып, бірлесе еңбек етті. Үш жылда үлкен жұмыс істелді, отандық ғылыми аудармада сең қозғалғандай болды. Ұлттық аударма бюросы осы істі әлі жалғастырып, ғылымның барлық саласын қамтиды деген арманымыз бар. Ғылыми терминдерді дәл беруде көп қиналғанымызбен, кез келген көркем аудармаға тіліміздің мүмкіндігі молынан жетеді.
– Бүгінге дейін аударманың көбісі қазақшаға тікелей емес, орыс тілінен аударылып келді. Түпнұсқа аударма (калькасыз) мен екінші тілден аударудың айырмашылығы жер мен көктей болатын шығар? Бұл кітаптың сапасына қаншалықты әсер етеді?
–Әлбетте, түпнұсқадан аудару мен аудармадан аударудың айырмасы көп. Кеңестік кезеңде көркем шығармалардың көбі, басқа оқулықтар да орыс тіліндегі аудармадан қазақшаға аударылды. Ондайда мағынаны бұрмалау, тұтас сөйлемді өзгертіп жіберу қаупі көбірек. Мысалы, мен бірнеше жыл бұрын оқушыларға арналған энциклопедияларды аударғанда қатты таңғалғанмын: біз орыс ғалымдары ашты деп оқыған жаңалықты америкалықтар басқа ғалымға таңады. Мүмкін олар бір мезетте ашқан болар, бірақ әр мемлекет өзіне тиімді нұсқаны ұсынған.
Калькасыз аударма дегеніміз – шет тілдегі сөз немесе тіркесті өзгертпей аудара салу. Кальканың кейбір терминдерді беруде пайдасы болуы да мүмкін, ұтымды шығып жатса алуға болады. Ал кейде калька сөздің өңін өзгертіп, мағынасын ауыстырып жібереді. Сол сөздің ана тілімізде сәтті баламасы болуы мүмкін. Мысалы, «brain drain» дегенді орысша «утечка мозгов» деп калькалап алған. Енді осыны қазақша тура аударып, «мидың ағуы» деп айта аламыз ба? Мұндайда барынша дәл, ұғынықты тіркес іздеп, бас қатырамыз.
Калька дегеннен шығады, тілімізге орыс тілінің қаншалықты зор ықпал етіп, санамызды өзгертіп жібергенін «Хәрри Поттер» сериясын аударуды бастағанда байқадық. Орыс тіліндегі аудармада «Harry Potter» - Гарри Поттер болып аударылғанын білесіз. Ағылшын тілінде ол |’hæri| болып дыбысталады. Орысша аудармада ағылшынның «H» әрпін «Г» әрпімен таңбалау тән болды. Осы Хәрри деген аударма үшін наразылық танытып, тіпті «түпнұсқаны бұрмалауға болмайды» деген пікірлер айтылды. Сонда біздің қазақ оқырман орыс тіліндегі аударманы түпнұсқа санап алған. Ағылшын тіліндегі ng диграфы қазақ тіліндегі «ң» дыбысын дәл береді. Орыс тілінде ол дыбыс болмағандықтан «нг» деп алады. Енді автордың Rowling деген фамилиясын Роулиң деп алсақ, Поттер әлемімен орыс тілі арқылы танысқан оқырман тағы ашуланады. Бұл жерде сол адамдар Хәрри немесе Роулиң дұрыс екенін түсінсе де, орысша нұсқасына иланып алған санасы қабылдай алмай тұр.
– Қоғам неге әлі күнге дейін халықаралық сөздердің қазақшасын күнделікті өмірде қолдануға құлықсыз? Мәселен, дипломатты мәмілегер деп емес әлі де дипломат дейміз, мұражай деп жазылғанымен музей деп айтамыз, пианино күйсандық деп аударылғанымен әлі күнге дейін күйсандықшы дегенді естімеппін, яғни пианиношы дейміз. Қалай ойлайсыз біз осы «бояушы бояушы дегенше сақалын бояптының» кебін киіп жүрген жоқпыз ба?
– Халықаралық терминдерді аударғанда ғылыми ортада бекіген термин болса сол қалпында қалдыра берген абзал деп ойлаймын. Оларды аударамын деп тырмысу кейде артық қыламын деп тыртық қылу болып шығады. Миграция, прагматизм, теория, квота, бизнес, менеджмент, т.б. бәрін қазақшалаймыз десек, одан тіліміз ұта ма? Тіл – жанды организм, кей сөздер уақыт өте келе ұмытылады, кейбірі қосылады. Ол қаласақ та, қаламасақ та болатын үрдіс. Егер терминнің қазақ тілінде дәл аудармасы болса, оны сала мамандары қолданып жүрсе, әлбетте оны алу керек. Олай болмаса, ойдан сөз құрап, оны тықпалағанмен ол практикада қолданылмаса, пайдасы не?
– Елімізде жыл сайын аударма ісі мамандығын бітіріп шығатын жастар жетерлік. Олардың сауаттылығы туралы не айта аласыз?
– Біраз уақыт бұрын КазҰУ студенттерімен онлайн кездесу өткізіп, Хәрри Поттер аудармасы жайлы сөйлестік. Сонда аудармашыларға сабақ беретін Ләйлә Мұсалы ханым «қазіргі студенттер аудармашы мамандығын бітірген соң табысы аз деп басқа мамандыққа ауысып кетеді» дегендей пікір айтты. Біздің елде аудармашылар еңбегінің тиісті бағалануы да бір мәселе. Бірнеше тіл меңгерген сауатты маманға сұраныс көп, сондықтан табысы мол басқа салаға өтуі таңғаларлық емес. Ал аударманы көлденең табыс деп қарайтындар өте көп. Кез келген екі не үш тіл білетін адам аударма жасай аламын деп ойлайды. «Тиын-тебен болса да ақша ғой» деп негізгі жұмысына қосымша аударма жасайтындар толып жүр. Кейбір мекемелер құжаттардың қазақшасы тұрса болғаны, оны кім оқиды деп азғантай ақысын төлеп, көлденең «аудармашыға» аударта салады. Соның кесірінен қазақ тілінде жазылса да, қазақ түсінбейтін мәтіндер шығады.
– Әрбір маман әрдайым ізденісте жүруі тиіс. Өз-өзіңізді дамытуға қаншалықты уақыт бөлесіз?
– Иә, кез келген сала маманы сияқты аудармашы да өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Бос уақытымда көбірек кітап оқуға тырысамын, бұрын сюжет қуалап оқушы едім, қазір сәтті тіркес, көркемдік құралдарға көп мән беремін. Ағылшын тілін де үнемі дамыту қажет. Құдайға шүкір, қазір технология арқасында ол жағынан қиындық жоқ. Басқа тілдерді де үйренсем деген жоспарым бар.
Әңгімелескен: Айнұр АСАНҚЫЗЫ