Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
– Талғат Қамқабайұлы, «өзге театрларға қарағанда қуыршақ театрының көрермені аз» деген пікір жиі айтылып жатады. Осыған келісесіз бе?
– Бұл пікірге келіспеймін. Себебі тарихы терең театр бүгінге дейін өз жұмысын тоқтатпады, демек көрермендері жоқ емес. Қуыршақ театрының тұрақты көрермендері бар. Біз спектакльдерді көрермендер сұранысына сай сахналаймыз. Бұрындары аптасына 4-5 спектакль сахналасақ, бүгінде 7-8 қойылымдарға дейін ұсынып келеміз. Демек, көрермендер сұранысы артпаса кеміген емес. Бір қынжылтатыны, қазақ тіліндегі қойылымдарымызға көрермендер толық болмайды. Ата-аналар баланың алғаш өнер ұғымымен танысатын ордасына бүлдіршіндерін көп әкелмейді. Жасыратыны жоқ, орыстілді көрермендеріміз бұл тұрғыда белсенді.
– Театр тек қана балаларға ғана емес, ересектерге арналған қойылымдарды да сахналап жүр. Классикалық туындылардың қуыршақтар арқылы сахналануын көрермендер қалай қабылдауда?
– Ересектерге арналған қойылымдар сахналаудағы алғашқы тәжірибеміз «Ана жүрегі» (реж.:А.Зайцев) спектаклінен басталған болатын. Аталмыш қойылымды көрермендеріміз ерекше қабылдап және көрермендеріміз ғана емес, отандық, шетелдік кәсіби театр мамандары да өте жоғары бағалады. Соның нәтижесінде спектакль алты Халықаралық театр фестивалінен жүлдегер атанды. Іздеп көретін тұрақты көрермендері қалыптасты. Осы арқылы қуыршақ театрының ересектерге арналған спектакльдеріне жұрттың қызығушылығы бар екенін байқап, бұл үрдісті жалғастыруды қолға алдық. Нәтижесінде, қазір театр репертуарында ересектерге арналған бес спектакль бар. Әр туындының өз іздеушісі бар. Негізгі бағытымыз балаларға арналған қойылымдар болғанымен, қуыршақ театрының шексіз мүмкіндігін танытуда шектеліп қалмай түрлі бағыттарға тәжірбие жасап көру. Оған шығармашылық құрамның потенциалы жетіп тұрса, неге байқап көрмеске?\
– Бір сөзіңізде «Қуыршақ театрының репертуарында қазақ драматургтерінің төл туындысы аздық етеді» депсіз. Драматургтердің дәл осы салаға қалам тербемеуінің себебі неде деп ойлайсыз? Қызығушылық аз ба әлде қуыршақтарды «сөйлету» қиын ба?
– Бүгінде жас драматургтер мүмкіндігінше балаларға арналған пьесалар жазып келеді. Театр репертуарына қосатын жаңа туындыларды іздеу мақсатында ZOOM платформасында балаларға арналған шығармалар жазып жүрген отандық драматургтермен «Пьесалар оқылымын» өткізген болатынбыз. Үш айға созылған оқылымда бірнеше ертегілер, әңгімелер, пьесалар оқылып, шығармашылық топпен талдау жасалынды. Дегенмен, балаларға арналған қазақша пьесалардың сахналық нұсқасы көбінде кішкентай көрермендеріміздің сұранысын қанағаттандырмай жатады. Себебі қазіргі балалар шектен тыс көп ақпарат қабылдап, ғаламторды еркін меңгереді. Сондықтан балалар шығармасының өзі тікелей қуыршақ театрының бағытын қарастырмаса ол да қиындық туғызады. Алайда барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, жуырда қазақ халық ертегісі «Ер Төстік» қойылымын ұсынатын боламыз.
– «Өрмекші адам», «Супермен», «Спанчбоб», «Маша мен Аю» секілді кино және мультфильм кейіпкерлері бүгінгі балалардың сүйікті қаһармандарына айналып отырғаны жасырын емес. Осы секілді репертуарларыңызда кішкентай қазақ көрермендерінің сүйіктісіне айналуға лайықты кейіпкер деп кімді айта аласыз және ол кейіпкерді қуыршақ театрының брендіне айналдыруға не кедергі?
– Мультсериалдар визуалды, түрлі-түсті эффектілерді көп пайдаланатындықтан балаларда қызығушылық басым болады. Дегенмен аталған кейіпкерлер бүлдіршіндердің талғамы қалыптасуына, ой-өрісінің кеңеюіне көп мүмкіндік бере алмайды. Олар бір сәттік әсер және көзді алдау ғана. Ал қуыршақ театры тек шынайы эмоция сыйлап қана қоймай, балалардың қиялын, ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Біз балаларға сұрақ қойып, олардың әр жағдайға көмек көрсете алатындарын сезіндіреміз. Біздегі әрбір кейіпкер балаларға сүйікті. Дәлелі, қойылымнан кейін әрбір бүлдіршін өз кейіпкерін іздеп, суретке түскісі келіп жатады.
– Қойылымға қажетті қуыршақтарды қайдан аласыздар? Театрдың қорында бүгінде қанша қуыршақ бар?
– Театрдың тарихы ғасырға жуықтап қалды. 1935 жылы іргетасы қаланған өнер ордасы бүгінге дейін қанша мыңдаған қуыршақтарды ойнату арқылы кішкентай бүлдіршіндерді қуантып келеді. Театр қоймасында 300-ге жуық қуыршақ сақталған. Қойылымға қажетті қуыршақтарды жасайтын арнайы «Қуыршақ жасау цехы» жұмыс істейді. Николай Проскурин бастаған кәсіби шебер мамандарымыз бүгінгі қойылымдарға барлық қуыршақ түрлерін жасап шығарады. Қазіргі күні 100-ден аса қуыршақ театр сахнасында көрермендерімізді қуантып келеді.
– Көрермен орындығында өзіңіз жиі отырасыз ба? Өзіңіз басқаратын ұжымның еңбегін сырттан бақылағанда нендей ой түйесіз?
– Театр репертуарындағы барлық қойылымдардың көрерменімін десем болады. Мүмкіндігінше, қойылымды ғана емес, келген көрермендеріміздің әсерін, сұранысын сырттай бақылауға тырысамын. Репертуарда жүретін әр спектакльге кезекшілік кестесін құрып, апталық лездемеде көрсетілімдер жайлы талдау жасалынады. Барлық пікірлерден ортақ қорытынды шығарып отырамыз. Біз үшін әрбір көрермен маңызды. Қай қойылымға, қандай жанрдағы спектакльдерге көрермен жиі келетінін байқап, алдағы уақытта ұсынатын дүниелеріміз үшін мониторинг жасап отырамыз.
– Шыны керек, қуыршақтарды «басқарып», оларды сөйлете білу, қуыршақ арқылы оқиғаны жеткізе білу үлкен өнер. Осы орайда театр әртістерінің шеберлігі туралы сөз қозғай кетсеңіз. Бұл мамандыққа екінің бірі келе бермейтін шығар...
– Қуыршақ театрының артисі болу үлкен қырағылық пен мамандыққа деген махаббатты талап етеді. Бір қойылымда бірнеше кейіпкерді ойнатып, өзіне сай дауыс, қимыл табу, соған қарамастан сахнадағы әріптестеріңізбен сәтті серіктес бола білу үшін үлкен еңбек қажет. Бұл тұрғыдан театрымыздағы әрбір артистің кәсіби шеберлігі, жан-жақтылықтары қуантады. Ересектерге арналған спектакльдер де шығармашылық иелерінің көп мүмкіндіктері ашылуына себеп болды.
– Қуыршақ театрының әртістері көбінесе сахнада көрінбей тұрады. Яғни жұрт оларды өзге театрдың әртістері секілді тани бермейді. «Танымалдылықтың» жоқтығы әртістердің шығармашылығына кедергі келтірмей ме?
– Біздің бірінші мақсатымыз тұтас қойылыммен көрермендерімізге ерекше әсер сыйлау. Бұл тұрғыдан біз өз мақсатымызды толықтай орындап келеміз. Себебі бізде өз ісінің кәсіби шеберлері, майталман мамандары жұмыс істейді. Өмірін тұтастай осы қызық та күрделі өнерге арнаған ардагер артистеріміз де бар. Олар жеке бастарының танымалдылықтары үшін емес, көрермендеріміздің көңілінде тұрақтау үшін аянбай бүгінге дейін тер төгіп келеді. Жас әртістеріміз де қуыршақ өнерінің тереңіне бойлап, кәсіби шеберге айналуда. Біздің артистеріміз кейіпкерлерін жақсы көреді. Кейіпкерлер – көрермендеріне сүйікті. Ең бастысы әрі маңыздысы осы.
– Сіздің сүйікті туындыңыз немесе кейіпкеріңіз?
– Жалпы қазақ әдебиеті мен өнерінде сүйіп оқитын шығармаларым, қайталап көруден жалықпайтын туындыларым жетерлік. Театр репертуарындағы жаңа қойылымдарымыздың бірі «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклі мен ондағы барлық кейіпкерлер ерекше көңілімнен шығады. Себебі спектакльде дана ақын тағдыры ғана емес, ұлт қайраткерлі мен ағартушыларының бейнесі ашылады. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Горький атындағы орыс драма театры В.Шукшин әңгімелерінің негізінде сахналаған «Светлые думы» спектаклі және алматылық Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы А.Чеховтің «Шағала» (реж.: Е.Нұрсұлтан) спектакліндегі кейіпкерлерді де атап өтер едім.
– Ағылшындық қуыршақ режиссері Честерсон: «Қуыршақ театрының философиясы – көңіл бөлуге тұрарлық үлкен философия. Қуыршақтар арқылы бүгінгі адамзатқа қатысты барлық нәрсені айтуға болады. Кішкене ғана кеңістікке ұлы ойлар сыяды», - деген екен. Қалай ойлайсыз, қуыршақ арқылы қоғамға тағы не айтуға болады?
– Қуыршақ театры – көрерменге ешбір театр айта алмайтын ойларды жеткізе алады. Театрға келетін көрермендер жасына шектеу жоқ. Алдағы уақытта қуыршақ өнерінің мүмкіндігін танытатын жаңа қойылымдарды ұсынып, еліміздің мәдениетін әлемдік өркениетпен ұштастыруда үлкен жұмыс атқаратын боламыз. Батыл тәжірибелеріміз арқылы қуыршақ театрының қоғамдағы рөлін арттырып, көрермені іздеп келетін өнер ордасының жұмысын жандандыра беретін боламыз.
– Театр биыл көрермендерді қандай жаңалықтармен қуанта алады?
– Өткен жылы елімізде ғана емес, әлемде орын алған жағдайға байланысты мәдениет саласының даму қарқыны бәсеңдегені белгілі. Оның ішінде тікелей көрерменмен жұмыс істейтін театр өнері дағдарыс кезеңінде болды десек артық айтқанымыз емес. Себебі, онлайн формат шығармашылық ұжымға оңай болмады. Өткен жылға ауқымды іс-шараларымыз бен жаңа қойылымдарымыз жоспарда болған. Көпшілігін көрерменге ұсынып үлгермедік. Соған қарамастан, 2020 жылдың соңында балаларға арналған «Үйшік», «Күлше қыз» және Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ересектерге арналған «Өмір-өзен» музыкалық спектакльдерінің тұсаукесерін өткіздік. Қазір де жаңа қойылымдарымызға дайындық үстіндеміз. «Ер Төстік» халық ертегісі және ересектерге арналған әлемдік классик У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясын қуыршақ тілінде көрермендерге ұсынатын боламыз. Аталмыш спектакльдер елімізді шетелдік театр фестивальдерінде таныта алатындай деңгейде боларына сенеміз. Сонымен бірге, «Қуыршақтар шақырады - 2021» атты дәстүрлі театрішілік фестивалімізді өткізіп, өткен маусымды қорытындылаймыз.
Сұхбаттасқан: Айнұр АСАНҚЫЗЫ