Алмазбек Атамбаев колонияға ауыстырылды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторынан Бішкектегі № 47 түзеу колониясына ауыстырылды. Бұл туралы оның жұбайы Раиса Атамбаева айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Раиса Атамбаеваның айтуынша, күйеуін Жаңа жыл қарсаңында ауыстырған.
- Бұл туралы ешкім білмеді. 31 желтоқсанда маған және балаларымыз Қадыр мен Әлияға кездесуге рұқсат берді. Сол кезде біз колонияға бардық. Ол емін жалғастырып жатыр. Әрине, бұл колонияда жағдай жақсы: серуендеуге, адамдармен сөйлесуге болады. Алмазбек Атамбаевтың қан қысымы төмен және оған қатты суық тиген. Біз оған ыстық тамақ әкеліп, жылы киім бердік, - деді Раиса Атамбаева басылымға.