Қазақстандықтар 2021 жылы неше күн демалады
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында 2021 жылға арналған өндірістік күнтізбе жарияланды.
Ведомство сайтында көрсетілген ақпаратқа сәйкес, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 2021 жылы 120 күн, ал алты күн жұмыс істейтін азаматтар 68 күн демалады.
Өндірістік күнтізбе бойынша қаңтар айында қазақстандықтар Жаңа жыл мен Рождествоның құрметіне 4 күн демалады. Ақпан айында мереке жоқ болғанымен, наурыз айында Әйелдер мерекесіне орай бір күн, Наурыз мерекесіне орай 3 күн демалыс бар. Наурыз мерекесінің алғашқы күні жексенбіге түсетіндіктен, ол 24 наурыз сәрсенбіге ауыстырылады. Сәуір айында да мереке күні жоқ. Дегенмен қазақстандықтар мамыр айында үш мерекені атап өтеді. Жалпы алғанда осы айда 13 демалыс күні бар.
Шілде айында ел тұрғындары Астана күні мен Құрбан айт мерекесін тойлайды. Ал тамызда еліміз Конституция күнін атап өтеді. Аптасына бес күн жұмыс істейтін азаматтар Конституция күніне орай 28, 29, 30 тамыз - үш күн демалады.
Осыдан кейін қазақстандықтарды тек желтоқсан айында ғана, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай демалыс күтіп тұр. Жалпы алғанда алдағы жылы еліміз ұлттық мереке - Тәуелсіздік күні мен 9 мемлекеттік мерекені атап өтеді.
1-2 қаңтар - Жаңа жыл;
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
21-23 наурыз - Наурыз мейрамы;
1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні;
7 мамыр - Отан қорғаушылар күні;
9 мамыр - Жеңіс күні;
6 шілде - Астана күні;
30 тамыз - Конституция күні;
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
Кейбір мереке күндері жексенбіге түсетіндіктен, демалыс күндерін ауыстыруға шешім қабылданған: бес күндікте:
2 қаңтардан 4 қаңтарға;
21 наурыздан 24 наурызға;
1 мамырдан 3 мамырға;
9 мамырдан 10 мамырға.
Алты күндікте: 21 наурыздан 24 наурызға;
9 мамырдан 10 мамырға.
Сонымен қатар келесі жылы Құрбан айттың бірінші күні 20 шілдеге түсетіндіктен ол демалыс күні болып саналады. 7 қаңтарда тойланатын Рождество кезінде де демалыс болады.