590 қоғамдық көлік қолданысқа берілді
Шырайлы Шымқалада Тұңғыш Президент күніне орайластырыла бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен білім ордасының шымылдығы түріліп, тозығы жеткен қоғамдық көліктер жаңарды, Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір де пайдалануға берілді.
«Шым сити» шағынауданында орналасқан №135 жалпы орта білім беретін мектептің ашылу салтанаты өтті. Қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін азайытуға бағытталған оқу ордасы 1200 орынға арналған. Қазіргі таңда аталған мектепте 720 оқушы білім алады. Қала әкімі жаңадан салынған білім нысанымен танысып, ғимаратты аралап көрді. Мектепте лингафонды кабинеті, бастауыш сынып, ер балаларға арналған технология кабинеті қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толыққан. Үш гектар аумақты алып жатқан мектеп асхана, спортзал, медициналық пунктпен жабдықталған. Компьютер саны – 172 дана. Мектепке бүгінде ұлағатты ұстаз Берікбай Михеев жетекшілік етеді. Әкім мектептің спортзалын көріп, материалдық-техникалық базасымен таныты. Әрі Естелік кітапқа қол қойды.
Мектеп ғимаратының құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Жоба құны – 1 млрд 448 млн теңге. Құрылыстың бас жобалаушысы – «Көркем сәулет» ЖШС. Мердігер мекеме нысанды өз уақытында аяқтап, пайдалануға тапсырды.
Қоғамдық көлік үшінші мегаполис тұрғындары үшін бірден-бір маңызды мәселе. Қаланың шет жағына баратын автобустарды қарасаңыз, әбден «шаршаған». Жолаушы тола салондағы иістің әсерінен кейде мінгіміз келмей жатады. Жақында «Tolem» картасы қолданысқа енген. Байқауымызша, тұрғындар жол ақысын электронды төлеуге үйреніп те қалған сыңайлы. Бірақ бүгінде лық толы адам арасында автобустың артқы есігі тұсында ғана орнатылған терминалға жету кондукторсыз мүмкін емес. Осы орайда тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамту мақсатында жаңадан 590 автобус әкелінді.
Жолаушыларды тасымалдауда барлық жағдай қарастырылған автобус жоғары сапа стандартына сәйкестендірілген екен. Бұл шара барысында да қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа автобустарды көру үшін «T-bus» автопаркіне барды. Мұндағы барлық автобустар бейнекамера, желдеткіш, хабарлама жариялауға арналған микрофондармен жабдықталған. Сонымен қатар, автобустарда пандус пен мүгедектердің арбаларын орналастыратын орындар да қарастырылған.
Компания қоғамдық көліктерде метан-газын пайдалануда үлкен тәжірибеге ие. Маршруттарға үздіксіз қызмет көрсету үшін өндірістік-техникалық базасы мен автоматтандырылған газ толтыру станциясы бар.
1 желтоқсаннан бастап 150 автобус қаланың шалғай аудандарын орталықпен байланыстыратын №103, 27, 35, 84, 135, 92, 74, 12 маршруттарында қызмет көрсетеді.
Шаһарда жолаушыларды тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы негізінде қала әкімдігі тарапынан былтыр 300 автобус сатып алынған болатын. Қазіргі таңда бұл автобустар халықтың игілігіне қызмет көрсетіп отыр. Бірақ бұл көрсеткішпен мақтанып қана қоюға болмайды. Себебі, қала тұрғындары әлі де кішігірім «Газельдердің» кең қоғамдық көліктерге ауыспауына наразы. Олар Facebook парақшасында өздерінің пікірлерін білдіруде.
«ҚР Тұңғыш Президенті күні» мерекесіне орай тағы бір жаңалық жария болды. Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір ел игілігіне берілді. А-2 «Хоргос-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта құру жұмыстары толығымен аяқталды. Құрылысы біткен көпірдің ашылу рәсіміне қала әкімі де қатысты.
Қолданыстағы бұл көпір 1970 жылдары салынған. Ұзындығы 144 метр, ені 11 метрді құрайтын. 2005 жылы көпірдің техникалық жағдайы апатты деп танылды. 2016 жылы аталған республикалық маңызы бар автомобиль жолы Шымкент қаласының теңгеріміне қабылданып, 31,6 шақырым жолды қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық жұмыстар (7 кезең) әзірлене басталды.
Қазіргі таңда екінші кезеңге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Ал, 1 кезеңде көрсетілген көпір пайдалануға берілді. Көпір құрылысы үш кезең бойынша жүргізіліп, 1 148 шақырым жол жөнделді. Қайта құру жұмыстарының есебінен, апатты көпірдің орнына жаңа көпір салынып, ені 22 метрге ұлғайды. Нәтижесінде көлік өткізу қабілеті 2 есеге артты. Құрылыс жұмыстарын «ЖБИ-С» ЖШС жүргізді.