Маминнен есеп беруді талап еткен Әлтаев депутаттық өкілеттігінен айрылып қалды
Орталық сайлау комиссиясы "Нұр Отан" партиясынан шығарылуына байланысты мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұржан Әлтаевтың депутаттық өкілеттігі 30 қарашада тоқтатылды.
"Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Әлтаев Нұржан Бауыржанұлының Нұр-Сұлтан қаласы "Нұр Отан" ХДП саяси кеңесі бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы шешіміне байланысты оны "Нұр Отан" партиясының қатарынан шығару туралы шешім шығарылды", - деп хабарлады ОСК.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұржан Әлтаев Премьер-министр Асқар Маминды сынға алған болатын. Ол Үкімет басшысына жолдаған хатында былай деген еді:
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, мен сізді Парламентке келіп, халық алдында және халық өкілдері алдында коронавируспен күресте атқарылған жұмысқа есеп беруіңізді сұраймын. Қыруар қаржының қалай игерілгенін, коронавирус құрбандарының саны мен ауыр жағдайдың себебін айтып берсеңіз. Әйтпесе, Денсаулық сақтау министрін алып тастады да, сонымен бәрі тынышталып қалды. Ал болған жағдайға кім жауап береді?»
Дегенмен мәжіліс депутатының бұл сауалына Асқар Ұзақбайұлы жауап бермеді.
Сонымен қатар, 27 қарашада Нұржан Әлтаев Эль Тиреги өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының негізінде өзінің партиясын құрғанын мәлімдеді.