Павлодарда автобекеттен табылған баланы әжесі алып кетті
Павлодар облысында аязды күні анасы тастап кеткен бір жасар баланы әжесі алып кетті, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Бала Павлодардағы облыстық балалар ауруханасында емделді. 28 қарашада ол қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Баланы әжесі алып кетті, -деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінде.
Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, бала Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөлімінің құжаты негізінде туған-туыстарына берілді.
Еске салайық, Павлодардағы автобекетте 26 қараша күні кешкісін кішкентай бала табылды. Еріктілердің айтуынша, видеокамералардағы жазбада баланы бір әйел тастап кеткенін көруге болады.
Полиция баланың анасын тапты.Әйелді іздеуге 3 сағатқа жуық уақыт кеткен. Қазір полиция әйелдің кішкентай ұлын көшеде қалдыруына не түрткі болғанын анықтап жатыр.