Қазақстанда ипотеканы жаңаша рәсімдеу жоспарланып отыр
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ипотеканы рәсімдеу процесіне блокчейн технологиясын енгізу туралы жоспарын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл туралы министр Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
- Бүгін Үкімет отырысында премьер-министрге ипотеканы рәсімдеудің күрделі процесін блокчейн технологиясымен алмастыруға уәде бердім.
"Ипотекаға пәтер сатып алғанда кепілді тіркеу қажет. Бүгінде банктен құжаттарын алып, оларды ХҚКО-ға ұсыну қажет. 3 жұмыс күнінен кейін ХҚКО-дан құжаттарды алып, оларды қайтадан банкке қайтару керек. Содан кейін ғана ипотека беріледі. Рәсімдеу кезіндегі бюрократияны шешу үшін Blockchain технологиясын қолдандық. Осы күрделі процесс тек сынақ форматында автоматтандырылды.
Бұл бізге қандай мүмкіндіктерді берді?
Ипотеканы рәсімдеу мерзімдерін қысқарту және клиент деректерінің сақталуы. Мұндай жобалар басқа банктермен де іске асырылатын болады және құрылыс компаниялары да осы технологияға қызығушылық танытып, процеске тартылады деп үміттенеміз - деп жазды министр.