Лифтдегі жасөспірімдер қазасы: Сот қандай үкім шығарды?

Oinet.kz 17-11-2020 817

Атырау соты Алмагүл шағын ауданындағы №19 үйдің лифт шахтасына екі жасөспірімнің құлап кетуіне қатысты іс бойынша үкім шығарды деп жазды "Ақ Жайық" газеті. 

image.png

Сот Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша "Каспий Лифт" ЖШС-нің 53 жастағы бұрынғы директоры Қаныбек Мұратбаевты 2,5 жыл бұрынғы қайғылы жағдайға кінәлі деп танығанымен, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оны жазадан босатты. 

Тергеу барысында Мұратбаевтың №19 үйдегі лифттердің жұмыс істемейтіндігін білгендігі және ақауларды жойып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты мүмкіндігі болғаны анықталды. 

Ол қызметіне немқұрайлы қарап, лифттердің жұмысына бақылау жасамағандықтан, лифттер істен шығып, есіктері бекітілмей, ашық күйде қалып қойғаны белгілі болды. Мұның бәрі қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған. 

Ұзаққа созылған тергеу 

Сот ісі онлайн режимінде өтті. Прокурор Анар Абдолла Мұратбаевты кінәлі деп тануды және оны ескіру мерзімінің бітуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған. Жәбірленушілер сотталушыны нақты мерзіммен жазалауды сұраса, адвокат пен сотталушы ақтау үкімін шығаруды сұраған. 

№2 қалалық сотының төрағалық етуші судьясы Зәуре Қазақбай Мұратбаевты кінәлі деп тапты. Алайда ол өз кінәсін мойындамады, енді сот үкіміне шағымданбақ. Бұдан басқа, сот "Каспий Лифт" ЖШС-не дейін Алмагүл ықшамауданындағы лифтілерге қызмет көрсеткен "Тату" ЖК-іне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешімді заңсыз деп санап, облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарды. Сондай-ақ, қылмыстық істі тергеудің созылуына (екі жылдан астам) байланысты Атырау облысының полиция департаментіне жеке қаулы шығарды. 

Не себепті мұндай үкім шығарылды? 

- Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-тармағы бойынша, бұл қылмыс онша ауыр емес қылмыс ретінде белгіленген, оның бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан аспайды. Сот үкімі шыққанға дейін екі жылдан астам уақыт өтті, заң бойынша бұл санаттағы қылмыстың ескіру мерзімі өтті. Сондықтан сот Мұратбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ оны қылмыстық жазадан босатты, - деді судья. 

2018 жылдың 21 мамырында Алмагүл ықшам ауданындағы №19 үйде жұмыс істемей тұрған жүк лифтісінің шахтасына құлап, екі жасөспірім қаза болған еді. 

Соңғы тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды
Жымқырған ақшасына ауылын гүлдендірген экс-бас дәрігер сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу