Дулат Ағәділдің ұлын өлтіріп кетті
Нұр-Сұлтанда марқұм қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ қаза тапты, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі Azattyq.org порталына сілтеме беріп.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шауленова хабарлауынша, Жанболат Ағаділ 11 қарашаға қараған түні пышақ жарақатының салдарынан көз жұмды.
Полицияға 10 қараша күні сағат 22:56-да Көктал ықшамауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес туралы хабарлама түскен.
- Қызметкерлер келген кезде жастар тобы арасында жанжал болып, оның төбелеске ұласқаны анықталды. Нәтижесінде екеуі жарақат алды. Олардың бірі - 17 жастағы Ж.Ағаділов пышақ жарақаттарын алған, жедел жәрдем келген кезде көз жұмды, - деді полиция департаментінде.
Құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі және 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
- Қазіргі уақытта жанжалға қатысқандардың барлығын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Ұсталғандарды тергеп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу жалғасуда, - деп толықтырды полицияда.