Елордадан келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері облыс активімен кездесу өткізді
Бүгін сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру мақсатындаТүркістан өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық-үгіт насихат Штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада мен Агенттіктің Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы, ең алдымен облыс активімен кездесу өткізді.
Рухани кездесуге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен оның орынбасарлары, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, облыстық әкімдіктің бөлім басшылары мен қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, аумақтық департамент басшылары, облыстық ақпараттық-үгіт насихат Штабының төрағасы, арнайы мониторингтік топ мүшелері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.
Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы киелі өңірге арнайы келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, рухани астана мәртебесін арқалаған Түркістанның сыбайлас жемқорлықтан ада, таза өңір ретінде танылуы тиіс екендігін жеткізді.
Алқалы жиын барысында сөз алған республикалық штаб төрайымы Ырза Тұрсынзада «Ұлт болып ұйысудың басты тетігі - рухани тәрбие, яғни адамзаттың бойында адамгершілік, адалдық, әділдік және парасаттылық сынды құны биік қасиеттер болса, сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі» деп атап өтті.
Өз кезегінде, Ғ.Асанұлы Агенттікпен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, қоғамдық бақылау және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасында» Түркістан облысы бойынша мекемелердің жалпы соммасы 373, 6 млрд.теңге бюджеті жарияланғанын мәлімдеп, жыл соңына дейін толық жариялануы бойынша ұсыныс-пікірін білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде азаматтарға қолайлы, қолжетімді және жедел қызмет көрсететін «Сервистік әкімдіктердің» Түркістан облысына қарасты 8 қала/ауданда ғана ашылғанын атап өтіп, ашықтықты қамтамасыз ететін сервистік әкімдіктің өңірдегі барлық қала/аудандарда ашылуы тиіс екенін жеткізді.
Жиын соңында халықпен сындарлы сұхбат құру және парасаттылық құндылықтарына көбірек көңіл бөлу, жемқорлық көріністерін қабылдамау арқылы адал еңбек ету – әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігі айтылды.