Депутат Бақытбек Смағұл жалған медаль тағып жүр деп айыпталуда
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жалған медаль тағып жүр деп айыпталуда. Бір топ Ауған соғысының ардагерлері оның “Қызыл Жұлдыз” ордені мен “Ерлігі үшін” медалін алғанын өтірікке балап отыр, деп хабарлайды Oinet.kz. Бұл мәлімет Серік Әбдібеков атты Facebook қолданушысы арқылы жарияланды.
- Əңгіме асқан арамзалықпен өзін-өзі ұзақ жылдар батырлар қатарына қосып келген Мəжіліс депутаты Бақытбек Смағұл туралы болмақ. Иə, елге сүйкімді болып көрініп, өлең құрастырып, жалынды сөйлейтін бұрынғы базарком өз қаруластарының көбінің алдында абыройдан жұрдай болғалы қашан жəне ол ресми құжаттармен қатталған. Енді ары қарай тек дəлел мен дəйек сөйлесін. Осыдан біршама уақыт бұрын Ауған соғысының ардагерлері Б.Смағұлдың омырауынан даңқты "Қызыл Жұлдыз" орденін, "Ерлігі үшін" медалін байқайды, бастарын шайқайды. Өйткені олар қазіргі депутаттың Ауған соғысында хас батырға, нағыз ерлікке берілетін наградаларды алғаны туралы мүлдем естімеген еді.
*****"Батырымыз" оңды-солды берген сұхбаттарында, кездесулерде сол наградалардың иесі ретінде таныстырылып, оның дақпырты Мəжіліс депутаттығына жеткізді. Мемлекеттің "Құрмет", "Айбын" ордендерін тағынуға да сол тырнақшаның ішіндегі батырлығының ықпалы тигені де анық. Құдай-ау, кескілескен шайқаста бір ротадан бір өзім аман қалдым, мынау наградаларым деп көкіген жаннан мемлекет те ордендерін аясын ба? Тіпті сол награда беретін біздің мемлекеттік комиссияның да үміткердің өткенін, бұрынғы наградаларының шығу тегін тексеруге дəті бармаған секілді, масқара. Сол кездері Ауған соғысының бір топ ардагері Ресейдің Подольск қаласында орналасқан əскери архивке сұрау салып қандай да бір Бақытбек Смағұл дегеннің ресми түрде "Қызыл жұлдыз" орденін жəне "Ерлігі үшін" медалін иеленбегені туралы жауап алады. (Жауап хат қоса беріліп отыр) Сонда кейіпкеріміз ол наградаларды қайдан алған? Өзі басқарған базарлардан сатып алған ба? Бірақ суреттегі екінші хатта тайға таңба басқандай етіп көрсетілгендей, Бəкең "Нұр Отанның" Мəжілістегі фракциясын басқаратын əріптестерінің алдында айыбын мойындаған сыңайлы. Толық капитуляция. Наградаларды тағып жүруден жария түрде бас тартқанын мойындаған. Міне, қызық! Шын батырға лайықты болса, мемлекет ерлігі үшін адал жолмен берген наградадан есі дұрыс адам бас тарта ма? Ресейден жеткен хатта депутатымыздың фамилиясы Бөлебаев деп көрсетілгенін аңғарған боларсыз. Иə, дəл солай. Оның да бүгулі сыры болуы мүмкін бе?
*****Былтыр Ауған соғысының бір топ ардагері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің атына осы Смағұловтың ерсі, əдепсіз қылықтарына байланысты хат жазған.Онда осы Ауған соғысы ардагерлері атынан Б.Смағұлдың депутат болып сайланғанымен, қаруластарына шапағаты тимей отырғандығы ашына баяндалған.
*****Менің жиен ағам Ауған соғысында опат болды, туған топырағына мырыш табытпен жеткізілді. Сондықтан Ауған соғысы тақырыбы маған жат емес, аз-мұз зерттеулер де содан пайда болды. Жат жердегі соғыстағы марқұм болған боздақтар мыңдап саналады. Олар антына адал еді. Нағыз батырлар туралы талай кино түсірілді, кітаптар жазылды. Кітап жазудан Б.Смағұл да кенде қалған жоқ. Алайда батырлық, намыс, ерлік деп сарнап жүрген Мəжіліс депутатының өзі сұрқиялыққа барып жүрсе, қай жағамызды ұстаймыз? Өзгенің наградасын тағып жүрудің моральдық жауапкершілігін айтпағанда, қылмыстық жазасы болмағаны қынжылтады. Өйткені, "Қызыл жұлдыз" бен "Ерлігі үшін" наградалары - төгілген қанның, көзсіз ерліктің, қайнаған намыстың өтеуі. Ұлы Отан соғысынан бергі бар құндылығы сонда. Ал оны арамзалықпен тағыну арсыздықтың, өз қаруластарын аяққа таптаудың, боздақтардың рухын қорлаудың яки арсыздық анатомиясы деп ой түйдім.
*****Белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы Ауған соғысында қан кешкен боздақтарға арнап жазған "Жазмыш" атты өлеңін:
"Ей, тағдырлас тірілер!
Ұнжырғасы түспеген,
Ар-ұяты өлмеген.
Ұлы Алланың жылы жырымен жазылған -
Жазмыштың жазуына көнбеген,
Кəне, кім бар "Мен" деген?!",-деп бастайды емес пе. Алайда біреулер сол ар-ұят, намысты əлдеқашан жер қойнына тапсырып тастағаны қынжылтады. *****Жарайды, құжаттарды сөйлеттік. Ал депутат мырза, маған нағыз батырлықты ерекше дəріптейтін, зұлымдыққа жан қас ініңізге айтыңызшы, сол жауынгерлік наградалар шын Сіздікі ме еді? Осыны ғана сұраймын жəне жауабын күтемін - деді желі Facebook қолданушысы Серік Әбдібеков.