«Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды» - Ауыл шаруашылығы министрлігі
Қазақстанда азық-түлік тауарларының өндірісі тоқтамайды және еш тапшылық күтілмейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Сәуле Жұрынова айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Қазіргі уақытта АШМ әлеуметтік маңызы бар 32 азық-түлік тауарлары бойынша өңірлердің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүруде. Бұл мониторинг әр апта сайын тұрақтандыру қорларында, ірі сауда жүйелерінде, жеткізушілердің және қайта өңдеу кәсіпорындарының қоймаларындағы қорларды ескереді. Өңірлердің жедел деректері бойынша, биылғы 16 қазанда республикада 1,9 млн азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 25,3 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 1,6 млн тонна, қоймаларда – 137 мың тонна, сауда жерлерінде – 172 мың тонна, бұдан басқа 813,2 млн дана жұмыртқа және 10,9 млн тонна азық-түлік бидайы бар, – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде "КВИ жағдайында азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" баспасөз мәслихатында.
Қолда бар өнім қорлары тез бұзылатын өнімдер бойынша бір аптаға, басқалары бойынша – бірнеше айға жететінін көрсетеді.
- Азық-түлік тауарларының өндірісі тоқтамайды және қорлар үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Сондықтан, олар бойынша тапшылық жоқ және күтілмейді. Қазіргі уақытта дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын жинау 99,8 пайызға аяқталды. Жиналмаған аздаған жүгері мен күріш алқаптары ғана бар. Осы күндері 20,5 тонна астық бастырылды. Жиналған дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарының көлемі еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтуға және 7,8 млн тонна астықтың экспорттың әлеуметін іске асыруға жеткілікті, – деді Сәуле Жұрынова.