Үшжақты комиссияның 9 ай бойынша есебі
Шымкент қаласындағы әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия 9 айды қорытындылады. Баспасөз мәслихатында "Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов, қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілі Альберт Толщин атқарылған жұмыстардың тиімділігіне тоқталды.
Берік Айдарбекұлының мәлімдеуінше, кәсіподақтардың рөлі мен қызметі – еңбек қатынастарын реттеу кезінде айрықша көрініс табады. Қолданыстағы Еңбек кодексінде көптеген еңбек қатынастары жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өзара келісу және ымыраға келу арқылы шешілуі қарастырылған және бұл келісім мекеменің, кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында белгіленеді. Жалпы 16204 кәсіпорынның: 558-і мемлекеттік және 15646-сы жекеменшік кәсіпорындардың басым бөлігінде карантиндік режим жеңілдетілгеннен кейін және Үшжақты комиссияның белсенді жұмыс бастауынан кейін ұжымдық шарт жасауда ілгерілеушілік бар. Жыл басынан бері 272 кәсіпорын ұжымдық шарт жасаса, оның ішінде мерзімі өтіп қайта жасасқаны 74, ал жаңадан ұжымдық шарт жасағандары 198 болып отыр. Сондай-ақ, үшжақты комиссия тарапынан берілген ұсынысқа сәйкес, қала аумағында еңбек қатынастары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі топ құрылып, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал, еңбек дауы туындаған жағдайда тікелей еңбек ұжымдарымен жұмыс жасайтын келіссөздер пулы құрылды. Оның құрамына кәсіподақтар тарапынан өкілдер енгізілген. Сонымен қатар, "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" жанынан 2018 жылдан бастап, "Татуласу орталығы" жұмыс жасап келеді. "Татуласу орталығында" «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша өкілдігінен кезекшілікпен 10 медиатор жұмыс жасауда. Орталыққа медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар саны - 154, оның 140 бітімгершілікпен сәтті аяқталған.
Ал, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов осы жылдың 9 айында жалақы қарызы, өндірістегі жағдайлар бойынша азаматтардан 819 арыз-шағым түсіп, 140 тексеру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде, 164 заң бұзушылық анықталып, оның 143-і заңға сәйкестендірілген. Бұзушылықтардың негізінде 73 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 3,024 млн теңге көлемінде 27 әкімшілік айыппұл салынған. Бауыржан Ахметәліұлының мәлімдеуінше, 2020 жылы өндірістік орындардағы жазатайым оқиғалар өткен жылдармен салыстырғанда едәуір азайған. Бұл әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысына кәсіпорын өкілдерін шақырып, жазатайым оқиғаларға жол бермеу және оның алдын алу шараларын қарастыру нәтижесінде жүзеге асып отыр.