Үздік шәкірттер оқитын мектепте спорт алаңшалары пайдалануға берілді
Шымкент қаласындағы мектептерде балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау үшін спорт алаңшаларын ашу үрдісі жалғасып келеді. Жуырда мегаполистегі №103 орта мектепте жазғы спорт кешені пайдалануға берілді. Енді аталған білім ұясы шәкірттерінің заманауи талаптарға сай келетін алаңшаларда волейбол, футбол ойнап, денсаулықтарын шыңдауына, спортпен айналысуларына толық мүмкіндіктері бар.
Спорт алаңшаларын салуға кеткен қаражат қалалық білім басқармасы тарапынан бөлінген. Мердігер «Ферротекс» ЖШС-ы жұмысшыларының құрылыстың сапасына мән бергені қуантады. Мектеп ауласындағы спорт кешеніне ендігі жерде төңіректегі ауыл балалары кез-келген уақытта келіп спортпен айналысуына мүмкіндік туып отыр. Бұл үлкен жетістік. Өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын қалыптастыруына мұрындық болған мектеп басшылығына ата-аналар мен оқушылар дән риза.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беру керек» деген болатын. №103 мектеп ұжымы Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен. Соданда болса керек, денешынықтыру сабағының талапқа сай өтуіне барынша көңіл бөлініп отыр. Айта кету керек бұл мектепте 1864 оқушы бар. Оның 135-і мектеп алды даярлық бөлімінде оқиды. Бүгінгі таңда қоғамда қалыптасып отырған жағдайға байланысты оқушылар сабақты онлайн оқуда. Қашықтан оқытуға байланысты әрбір баланың компьютермен, ноутбугпен қамтылуына аса мән берген мектеп басшылығы, керек құралы жоқ оқушыларды қолдауға дер кезінде әрекет ете білді. Соданда болар, мектеп ұжымының ұйытқы болуымен бүгінде көпбалалы 120 отбасыға арнайы компьютер, ноутбук берілді. Бұдан бөлек, 135 отбасы балаларына Sim карталары таратылды.
– Білімнің сапасын арттыру үшін алдымен баланың сабақ оқуына жағдай туғызған абзал. Бұл орайда мұғалімдеріміз әр оқушының жағдайын жіті зерттеп, қажеттіліктердің тізімін жасап, оқушыларымыздың қашықтан оқу жүйесінен тыс қалмауына жағдай туғызып отыр. Ұсынысымызды қабыл алған қалалық білім басқармасына айтар алғысымыз көп. Басқарма тарапынан бізге тағы 100 компьютер берілді. Биыл мектебімізге арнайы кабель жүргізіліп, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тартылып отыр. Ендігі кезекте мұғалімдеріміз өз біліктіліктерін шыңдай түсіп, оқушыларымызға сапалы білім нәрін беруіне барлық жағдай жасалды деуге негіз бар, - дейді №103 мектептің директоры Балжан Құртаева.
Жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқу-әдістемелік құралдарын әр сабақта қолдануға тырысатын ұжымдағы ұлағатты ұстаздар аз емес. Солардың бірқатары, мысалы бастауыш сынып мұғалімі Клара Бектаеваның оқушысы Ләйла Әбдірашты бұл күндері республика жұртшылығы жақсы таниды. Өнерімен өрге жүзген жас талант оқушы мектеп мақтанышы. Ұлбосын Тәжібаева, Ақерке Тұңғышбаева, Эльмира Шынтаева, Әселхан Қамшыбекова, Назгүл Сопыбекова, Ляззат Досанова, Дана Қанаева сынды ұстаздарды ата-аналар үнемі үлгі етіп жүргені.
Ынтымағы жарасқан ұжымның алар асуы биік. Бүгінгі оқушы ертең елімізді өркениетке бастайтын білікті маман. Осындай парасатты азаматтарға білім нәрін беріп отырған №103 мектеп сынды білім ордалары көбей бергені абзал.