Сайрамда «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың басты іргетасы – отбасы. Азаматтық қоғамды құрудың қозғаушы күші болып табылатын отбасылық қарым қатынастар арқылы қоғамда адал еңбекке, сыйластыққа, парасаттылыққа қол жеткізуге болады. Осыған сәйкес, парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты парасатты тұлғаны дамыту, озат-ойлы, парасатты, қайырымды отбасыны анықтау мақсатында аудан көлемінде «Парасатты отбасы» байқауы жүргізілген болатын.
Байқауға қатысуға ұсыныс тастаған 8 отбасының ішінен жүлделі орындарға 3 отбасы іріктеліп шықты. Қатысушылар байқаудың қорытынды кезеңіне «Менің отбасым» тақырыбында еңбектегі, қызметіндегі жетістіктері мен отбасылардың әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларға қаншалықты мән беріп, бос уақытты тиімді пайдалану туралы пайдалы да өнегелі мәліметтері мен бейнероликтер арқылы қатысты.
Отбасы шығармашылығы, отбасылық туризм, отбасылық бастамалар, ұрпақтар естелігі көрініс табатын альбомдармен мен бейнероликтерді қазылар алқасы қарап, бағалады.
І орынды Ақсукент ауылының Құралбаевтар отбасы, ІІ орынды Ақсукент ауылынан Қалыбаевтар отбасы иеленсе, ІІІ орынды Қарасулық Мариндер отбасы иеленді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген шарада жүлделі орын алған жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Аңсар Өсербаев құттықтап бағалы сыйлықтармен қоса Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің дипломдарымен марапаттады.