Елімізде маска тақпағандарға салынатын айыппұл азаюы мүмкін
Елімізде маска тақпағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері 83 мың теңгеден 2 778 теңгеге дейін азайтылуы мүмкін, деп хабарлайды Oinet.kz.
Бұл ақпаратты Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғаушы Рустам Жүрсінов Facebook парақшасында жария етті.
- "Қазіргі кезде мемлекеттік органдар "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасын қарастырып жатыр. Соның аясында жеке тұлғалар үшін маска тақпағаны үшін салынатын айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 1 АЕК-ке (2 778 теңге) дейін төмендету ұсынылып отыр. Біз осы жұмысқа белсенді атсалысудамыз", - деп жазған Жүрсінов.
Сондай-ақ, ол кәсіпкерлік нысандарда маска тақпауға қатысты салынатын айыппұл мәселесіне де тоқталды. Жүрсіновтің айтуынша, кәсіпкер өз тарапынан барлық санитарлық норманы сақтап, маска мен қолғаптың қажетті мөлшерде берсе, қызметкерлері мен тұтынушылардың талапты бұзғаны үшін жауап бермеуі керек. Айыппұл бетперде тақпаған адамға ғана салынуы керек. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидимиологиялық қызметі де мұны құптап, Жүрсіновке ресми жауап берген. Соған сәйкес, кәсіпкерлік нысанда маска тақпаған қызметкер немесе клиент анықталса, әрбір тәртіп бұзушылық жеке қарастырылады. Ал айыппұл талапты бұзған адамға салынатын болады.