Лукашенко халқын қойға теңеді

Oinet.kz 10-08-2020

Беларусьтегі президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жеткен Александр Лукашенко бүгін бірнеше мәлімдеме жасап үлгерді. «БЕЛТА» сайтының жазуынша, ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедевпен кездесуде халық үшін осы сайлаудың үлкен мейрам сияқты өткенін жеткізген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап. 

Screenshot_2.jpg

«Әлемдегі жағдайға, эпидемияға қарамастан нағыз генерал ретінде Беларуське келіп, ахуалға куә болғаныңызға рақмет. Мен сіздердің бағаларыңызды білемін және ескертпелеріңізді естігеніме қуаныштымын. Бірақ біз жұртқа мереке сыйлағымыз келді және олар расымен де үн қатты», - деген ол. 

Президент сайлауы халықтың қатысу белсенділігі бойынша тарихта рекордтық көрсеткішпен өтіп, тұрғындардың көбі отбасымен, балаларымен келгенін атап өткен. 

«Шынымды айтсам, балалармен келгендер көңілімді жібітіп жіберді. Түсінесіз бе, бұл – мейрам. Ал әлдекімдер осы мейрамның шырқын бұзғысы келді. Сырттан қоңырау соққандарды тіркеп алдық. Польша, Ұлыбритания, Чехиядан телефон соғып, кешірім сұраймын, «біздің қойларымызды» басқарып отырды. Олар не істеп жатқандарын білмейді, сондықтан оларды өзгелер басқара бастайды», - деді Лукашенко. 

Ол әңгіме барысында кеше қауіпсіздік үшін көптеген азаматтарға Беларуське кіруге рұқсат берілмегенін, біразының құжаты дұрыс болмағанын айтты. Түнгі наразылықтар кезінде 50 азамат пен 30 құқық қорғау өкілінің жарақат алғанынан хабардар етті. 

«Түсінесіз бе, оларға құрбандық керек. Ата-аналар қайда қарап отыр? Ішінде 16,18 жастағы балалар жүр. Оларды отқа айдап салады да, өздері тығылып отырады. Біз сол жасырынған ұйымдастырушыларды ұстадық. Беларусь бойынша 3000 адам анықталды. Жартысы – Минскіден. Көбі шегіп, араққа тойып алғандар. Сұмдық! Сондықтан өрт тұтанып кетпеуі үшін барымызды салдық. Әйтпесе, сөндіру қиын болады. Ең жаманы – олар Минскідегі 33 учаскені жауып алып, адамдарға шығуға мүмкіндік бермеді. Әскерилер арқылы эвакуациялауға мәжбүр болдым. Орталық сайлау комиссиясын қорғадық», - деп пікір білдірді Президент. 

Лукашенко полицияның көп жағдайда «жұмсақ» әрекет еткеніне сенімді. Дегенмен, полицияға шабуыл жасалғанда резеңке оқ қолданылғанын мойындады. 

Сайлаудағы оның басты қарсыласы Светлана Тихановская да нәтиже шыққаннан кейінгі мәлімдемесін жасады. Ол Орталық сайлау комиссиясының нәтижесіне сенбейтінін айтып, өзін жеңімпаз деп атады. Тағы да митинг болатынын жоққа шығармады. 

Еске салсақ, елдегі президент сайлауы 9 тамызда өтіп, бүгін,10 тамыз күні таңертең нәтижесі жарияланды. Алдын ала есепке сәйкес, қазіргі президент А. Лукашенко 80,23% дауыс жинаған. Ал оның басты қарсыласы С. Тихановская 9,9% дауысқа ие болды.

Тоқаев Лукашенконы құттықтай ма?
Жамбыл облысында терезеден құлаған бала бүкіл шындықты айтып берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×