Тоқаев Лукашенконы құттықтай ма?
Беларусьте 9 тамызда өткен сайлаудан кейін толқу басталды. Экзитполдың қорытындысы шыққан соң оппозиция елдің әр өңірлерінде өкіметке қарсы жиындар ұйымдастыруда. Мұның ақырының неге апарып соғатыны белгісіз.
Өкімет сақтық шараларына кірісіп кетті. Елде ұялы байланыс қызметі өшірілген. Көптеген сайттар ашылмай тұр. Тіпті көшенің шамдары да жанбай қалған.
Telegram-да жазылған ақпараттарға қарағанда, Минскіде мыңдаған азаматтар «Минск-Батыр қала» стелласы мен Жеңіс алаңына жиналған. Күштік құрылымның қызметкерлері өздерінің ешкімді аямайтындықтарын білдіріп жатқанға ұқсайды. Ғаламторда бір ОМОН-ның бейбіт тұрғынды сүйреп бара жатқан видеосы пайда болды.
Кейбір ақпараттарға қарағанда, автозак көлігі көшедегі көтерілісшілерді басып өткен. Құрбан болғандар мен жаралылар бар. ОМОН жасақтары халыққа қарсы ескерту оқтарын атқан. Көзі ашытатын газ қолданылған. Көтерілісшілер ОМОН жасақтарымен алысып, тұтқынға алынған жақтастарын босатып алу үшін жанталасып жатқанға ұқсайды. Қарсылықтар елдің Гродно, Барановичах, Витебск, Брест қалаларында да өтіп жатыр.
Осы сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы саналған Светлана Тихановская сайлауды жеңіліп қалғанын мойындағысы жоқ. Кандидаттың айтуынша, оған сайлаушылар өте көп дауыс берген. Ол халықа қарсы күш қолдануды қатаң айыптады.
Айта кетері, экзитполдың қорытындысы бойынша сайлауда Лукашенко -79,7 пайыз, Светлана Тихановская -6,8 пайыз дауыс алды. Сайлау комиссиясының ресми мәліметі әлі жарияланған жоқ. Орталық сайлау комиссиясы оны жұма күні жарияламақ. Алайда қандай жағдай болса да сайлаудың нәтижесі экзитполдан алыс кетпейтіндігі тәжірибеден белгілі. Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина үміткерлерге өздерінің жеңілгендерін сабырмен қабыл алып, жеңімпаздарды құттықтап, халықты арандатпауға шақыруда.
Қазір ғаламторда «Витебск халық республикасын» құруға шақырған үндеулер көбейіп кетті. Кейбіреулер Ресей президенті Путиннен Витебскіге әскер кіргізіп, өзінің қорғауына алуды сұранып отыр. Кейбір украин ақпарат құралдары Лукашенконың Түркияға қашып кеткені туралы ақпарат таратты. Мұндай ақпарат елді арандатуы да мүмкін.
Ал бүгін Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Елдің әр өңірінде толқу болып, Лукашенконың таңдай қақтырарлық жеңісін көпшілік мойындамай жатқан кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь президентін құттықтай ма?