Әкімдік 42500 теңгеге өтінімді қызығушылықтан бере салғандар туралы айтты
Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңгеге өтінімді жұмысы тоқтамаған кез келген адам бергенін мәлім етті деп хабарлайды Oinet.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Данияр Әлкебайұлы төтенше жағдай кезінде 42500 теңге көлеміндегі төлем тек жұмысы тоқтағандарға тағайындалғанын еске салды.
"Өткен жолы төлемге өтінімді әрбір жұмыскер берген, біз қосымша тексеруді жүргізген жоқпыз. Төлем берілуі тиіс адамдардың барлығына төлем тағайындадық. Қазіргі кезде кеңсе, үйде жұмыс істеп жүрген адамдар туралы мәлімет үшін жауапкершілік жұмыс берушінің мойынында", - деп түсіндірді ол.
Әлкебайұлының сөзінше, табысынан айырылмаса да, төлем алуға құжат тапсырып жүрген адамдар да бар. Осындай жайттар төтенше жағдай кезіндегі бірінші локдаунда тіркелген.
"Өткен төлемдер кезінде маған табысынан айырылмай, онлайн-режимде жұмыс істеген бірнеше адам телефон шалған. Алайда олар аталған төлемді алуға өтінімді жіберіп, ақшаны алды. Одан кейін реквизиттер іздеп, ақшаны қайда қайтару керек екенін сұрап жүрген, бұл ақшаның қажет емесін айтқан. Оларға берілмеуі тиіс екенін алға тартты. Ақыры, ақшаны қайтарып берді. Қалада ақшаны саналы түрде 16 адам қайтарды. Менің білуімше, олар бойынша ешқандай арыз талаптар ұсынылған жоқ", - дейді Данияр Әлкебайұлы.
Жалпы соңғы екі айда 441 мыңға жуық адам 42 500 теңгені алған. Төлем алуға өтінімді 900 мыңға жуық адам берген. Әлкебайұлының айтуынша, өтінімдердің бір бөлігі түрлі себептермен қабылданбаған.
Кейбір өтінімдер екінші рет берілсе, өтінім берген кей азаматтар мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген, кейбіреулері мемлекеттің толық қамқорлығында болған.
Тіпті, қайтыс болған адамдардың атынан өтінім берген жағдайлар да кездескен.