Нұрымбетов: «Баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері тағы көбейді»
Биыл балалы отбасыларды қолдау шығындары 200 млрд-тан астам теңгеге көбейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 209,5 млрд теңгеге ұлғайды.
Министр өз сөзінде мемлекет балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақының 6 түріне кепілдік беретінін атап өтті (бала тууға; 1 жасқа дейінгі бала күтіміне; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға; көпбалалы отбасыларға; мүгедек баланың күтіміне; бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасауға). Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы, яғни жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдердің 2 түрін алады: жүктілік және босану және баланың 1 жасқа дейінгі күтімі бойынша.
Декреттік демалыстағы әйелдерге зейнетақы жарналары республикалық бюджеттен субсидияланады.
2019 жылы осы мақсаттарға 372 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде 200 млрд теңге – жәрдемақы төлеуге, 167 млрд теңге – МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерге, 5 млрд теңге – зейнетақы жарналарын субсидиялауға жұмсалды. «2020 жылы балалары бар отбасыларды қолдауға жалпы 581,5 млрд теңге, оның ішінде жәрдемақы төлеуге – 389 млрд теңге, МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерге – 186,5 млрд теңге, зейнетақы жарналарын субсидиялауға – 6 млрд теңге бағыттау жоспарланған», – деді Біржан Нұрымбетов.