«16 бала пышақтаған» - мектеп оқушысы қаза болды

Oinet.kz 16-06-2020 2628

Тараз қаласында жаппай төбелес салдарынан 15 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Марқұмның туыстарының сөзінше, оған сегіз рет пышақ ұрылған. Біреуі кеуде тұсына тиіп, өкпесі мен жүрегін зақымдапты. Медицина қызметкерлері көп қан жоғалтқан сегізінші сынып оқушысының өмірін сақтап қала алмады. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындары кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Өйткені бұл төбелеске қарсы жақтан 16 адам қатысқанымен, тек жалғыз адам кінәні мойынына алған, деп хабарлайды Oinet.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.  

image.png

Кеше жер қойнына тапсырылған марқұмның әкесі Бейсенбай Құтышев ұлының әйгілі спортшы болуды армандағанын, оны барлығы жабылып өлтіргенін жеткізді. Ер адамның сөзінше, кінәлілер кешірім сұрауға да жарымаған. 

- "Адамы өліп, қазанында қан қайнап жатқанда алдыңа келсе, атаңның құнын кешесің дейді ғой. Алдымызға келсе, кішкентай да болса ашуымыз басылып, кішкентай да болса, қайғымызға ортақтасқанда шеріміз тарқар еді. Бірақ ондай іс-әрекет көрмедім", - деді Құтышев. 

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Оралбек Кедебаев осы сылы сегізінші сыныпты аяқтаған. Ол төбелеске құрдастарымен бірге барыпты. Алайда ерегістің нақты неден басталғаны белгісіз. Қайғылы жағдай орын алған түні "мәселе шешуге" бес бала барып, 16 адамның қарсылығына тап болған көрінеді. Көз жұмған оқушыға сегіз рет пышақ ұрылған. Марқұмның жүрегі мен өкпесіне зақым келген. Көп қан жоғалтқан жасөспірімді дәрігерлер құтқара алмады. Ал полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар 16 жастағы бір күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. 

- "Қазір төбелеске қатысушылардың бәрі анықталып, жауап алынды. Аталған дерекпен қылмыстық кодекстің 99 бабы, 2 бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған", - деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. 

Ал марқұмның әкесі Бейсенбай Құтышев жалғыз күдіктінің жауапқа тартылғалы жатқанына наразы екенін білдірді. Оның сөзінше, 16 баланың барлығы да қамауға алынуы тиіс.

- "Менің балам аралас жекпе-жекке қатысып жүрген. Ол бір балаға пышақтатпайды. Пышақтаған бір бала екен деген – ақылға қонымсыз. Бір бала түгілі, екі-үш балаға да балам пышақтатпайды. Ол жерде 16 бала бәрі пышақтап отыр ғой", - деді ол. 

Бимен халықтың көңілін көтермекші болған әкім жазаланды
Жамбылда мал ұрылары мен полицейлер ауыз жаласып алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу