Назарбаевтың атын асқақтату үшін Астананы құрбандыққа қиюға бола ма?

Oinet.kz 20-03-2019

Screenshot_6.jpg

Тәуелсіздік дегенде тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаев еріксіз еске түседі. Ол туралы талай-талай толғаныстар айтылады. Теледидардан фильмдер көрсетіледі (қазір құдайға шүкір, Елбасы туралы кинолардың саны 5-6-ға жетіп қалды ғой). Өйткені Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент жыл санап егіз ұғымға айналып бара жатқан сияқты.  

«Адамға өмір бір рет қана беріледі, оны Шымкентте сүру керек». Осы сөздің авторы ретінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев аталып жүр. Иә, рас, Президенттің Оңтүстікке деген ықылас-пейілі алабөтендеу.  Әсіресе, былтыр Елбасы Шымкент пен Оңтүстік үшін көп жақсылық жасады. Тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде бірігіп кеткен Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын қайта бөлу жөнінде Жарлық шығарды. Маусымда Шымкентті республикалық маңызы бар қала атандырып, өз алдына енші берді. Жаңа облыс орталығы етіп күллі исі түркінің қасиетті мекені Түркістанды белгіледі. Жаңа облысқа берілген Түркістан атауы да сөз жоқ, Елбасының идеясы.  Жуырда «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да Президент Түркістанға көп көңіл бөлді. Қазір ақпарат құралдары  Түркістан облысына бөлінген қаржының көптігін айтып жатыр. Мұны да Елбасының қасиетті қалаға деген ерекше қамқорлығы деп қарау керек шығар...Әй, бірақ осыншама жарылқап, осыншама жақсылық жасап жатқан Президентке қарымтасын қаншалықты қайтарып жүрміз?  

Иә, Тұңғыш Президентті ұлықтауға келгенде тартыншақтай беретініміз жасырын емес. Қарап тұрсаңыз, Шымкентте Н.Назарбаевтың атын иемденген бірде бір нысан жоқ екен (республиканың барлық өңірінде бар Назарбаев мектептерін есепке алмағанда). Тым құрыса, Шымқалада Қазақстанның көп облысында бар Тұңғыш Президент саябағы да әлі салынбаған. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Қазақ хандығы» ұйымының жетекшісі Камалидин Дулатов шенеуніктердің Шымкентте Н.Назарбаевқа арнап ескерткіш жасатқызғанын, бірақ жеме-жемге келгенде оны қоя алмағанын, енді ескерткішті шеберханадан шығармай ұстап отырғанын «Рейтинг» газетіне келіп мәлімдеген еді. Бірақ шенеуніктер Дулатовтың сөзін жоққа шығарумен болды. Оңтүстіктің  атқамінерлері осылайша ырду-дырду болып, жасырып-жауып жүргенде Қазақстанда Н.Назарбаевқа алғашқы еңселі ескерткішті Алматы облысы 2016 жылы Талдықорғанда у-шусыз, дабыра қылмай-ақ  қоя салды...  Назарбаевты насихаттайтын сценарийдің оңтүстікте орта жолдан шорт үзілуі бір бұл емес.

Биыл Шымкентте Н.Назарбаевқа қатысты тағы бір сценарий сәтсіз аяқталған сияқты. Дәлірегі  қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясында Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы Астана даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев деп қайта атау туралы ұсыныс қабылданып, депутаттар ұсынысты тиісті орындарға жолдаған болатын.  Иә, сол жиында халық қалаулылары Президенттің мақтауын әдемі келістірген еді.

«Америкалықтар үшін Вашингтон, орыстар үшін Бірінші Петр, түріктер үшін Ататүрік қандай болса, біз үшін Елбасы да сондай  тұлға.  Өйткені олар қиын кезеңде ту көтерген тарихи тұлғалар»,-деген болатын. «Назарбаев Қазақстанның символына айналғанын бәріміз де мойындаймыз» деді. Тіпті қызды-қыздымен «Елбасы Алланың жердегі мейірімі түскен өкілі», «Тәңірінің қалауымен Президент болған» деген сөздер де айтылған. Ақпарат құралдары шу ете қалды. Кейбір сайттар «Шымкентте Назарбаев даңғылы пайда болды» деп жазып та жіберді. Ұсыныстың өте тез арада  жүзеге асатынына ешкім күмәнданбаса керек. Өзіңіз ойланып көріңізші, бастама мәслихат депутаттарының өздерінен шықса, бұл анау-мынау емес, республиканың бірінші басшысына қатысты мәселе болса, кім қарсы болады, бұған кім кедергі жасайды? Алайда бәрі көпшілік ойлағандай болған жоқ.  Ұсыныстың айтылғанына, тиісті орындарға жолданғанына бір жылға жуықтады. Не хат жоқ, не хабар жоқ. Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығындағы бас көше биыл Астана күнінде, не кешегі Тұңғыш Президент күнінде Н.Назарбаевтың есімін иеленуі тиіс еді. Бірақ Астана даңғылы Назарбаев атындағы болып ауысқан жоқ. Неге?..

Естеріңізде болса, 2017 жылы Тұңғыш президент күнінде  Алматыдағы Фурманов көшесі Н.Назарбаев болып қайта аталды. Осы жөніндегі ресми құжаттарға қарағанда, алматылық атқамінерлер  бәрін айналасы жиырма шақты күнде шеше салған. Ұсыныс Алматы қаласы тұрғындарынан шыққан. Оны қалалық ономастика комиссиясы 16 қарашада, Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясы 27 қарашада қараған. 30 қарашада Алматы қалалық әкімдігі мен мәслихаты бірлескен шешім қабылдап, Фурманов көшесі Назарбаев болып ауысты. Ал Шымкентте... Бір жылдан бергі аралықта осындай ұсыныстың болғанын біздегілер естерінен де шығарып алған сияқты.

Біз  мәселенің анық-қанығын білу үшін алдымен облыстық ономастика комиссиясына ұзақ жылдардан бері мүше болып келе жатқан белгілі ақын Қабылбек Төретаймен хабарласқан едік. Ол ұсыныстың кейінгі тағдырынан мүлдем бейхабар екендігін айтты.

-Осындай болады дегенді естігенім бар, бірақ Назарбаевтың атын беру жөніндегі мәселені талқылаған комиссияның отырысына мен қатыспасам керек,-деді Қ.Төретай. Ол қазіргі уақытта облыстық ономастика комиссиясының мүшелігінде бар-жоғын өзі де білмейтінін, себебі облыс қайта құрылған соң комиссияның да құрамы жаңарып жатқанын  ескертті.

Бұл мәселені бір білсе, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі әрі облыстық мәслихат депутаты, мәслихаттағы тұрақты комиссияның  төрағасы Саттар Қуашбаев білер деген ниетпен ұялы телефонына қоңыраулатқан болатынбыз.

- Кеше ғана комиссияның  отырысы өтті. Жаңа құрамы жасақталды, енді ол алдағы уақытта мәслихат сессиясында бекітілуі тиіс,-деді С.Қуашбаев. Депутат Астана даңғылын Назарбаев деп қайта атау туралы ұсыныстың Астанада өтпей қалуы мүмкін деген ойын айтып, артынша:

-Білмеген соң нақты айту қиын. Өтпей қалды деп кесіп айтуға болмайды. Мүмкін ұсыныс енді қаралып жатқан шығар,-деді.

Біз  облыстық мәслихаттың тағы екі-үш депутатымен хабарластық. Бәрі ұсыныстың кейінгі тағдырынан бейхабар екендіктерін білдірді. Ақыр аяғында бұл мәселенің анық-қанығын кімнен сұрарымызды білмей дал болдық. Жаңадан жасақталған облыстық ономастика  комиссиясы енді Шымкентке жауап бермейді. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкентте комиссия әлі құрылмаған.

Дегенмен Астана даңғылының неге Назарбаев бола алмағанын түсіну де оншалықты қиын емес сияқты. Қисынға келетін болжамдарды алға тартып көрелік.  Біріншіден, Шымкентте Н.Назарбаевқа көше атын беру жоғарыдағылармен алдын ала келісілмеген болуы мүмкін. Екіншіден, Назарбаевтың атын басқа емес Астана деген атауы бар көшеге беруді Ақордадағылар қолдамаған болуы әбден мүмкін. Астана айналасы жиырма күнде өзгерте салатын Фурманов, Куйбышев, Карл Маркс немесе  Энгельс емес қой. Астана мен Назарбаев бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Назарбаевтың атын асқақтату үшін Астананы құрбандыққа қиюға бола ма?

                                                   Бақытжан Әбдірашұлы,

«Рейтинг» газеті 2019 жыл, 13 желтоқсан

Сенат төрайымдығына Дариға Назарбаеваның кандидатурасы ұсынылды
«Мұртқа өкпелеп жүргенде...» Құрылыс басқармасының тізгіні енді кеденшіге тапсырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу