Шымкентте полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық істер бойынша ұсынымдар қаралды

Oinet.kz 22-05-2020 701

Screenshot_2.jpg

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық полиция департаментінің жеке құрамымен кездесу өткізді. 

Онлайн шараға Департамент басшысы А.Жұмағали мен оның орынбасарлары Т.Серікбаев, Б.Ұзынжас және полиция департаментінің бастығы Е.Жұмаханбетов және жеке құрам қатысты. 

Кездесу барысында полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде бірқатар ұсынулар талқыланды.

Атап айтқанда, қала тұрғынынан әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасын толтырмау үшін ақша талап етіп, 25 мың теңге пара алды деп күдіктелген полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің полицейіне, сонымен қатар, қалалық полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты арыз негізіндегі және жергілікті полиция қызметкерлері өкілінің арызданушының арызын дер кезінде тіркемегендігі туралы қылмыстық істер қаралды.   

Іс-шарада қылмыстық істердің мән-жайы талқыланып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол беретін бірқатар себептер мен жағдайлар талқыланды.

Осы ретте алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, ұжымда парасаттылық қағидаларын қалыптастыру мен қылмыстық іске қатысты қызметкерлер мен олардың тікелей басшыларының атқарып отырған лауазымынан босатуға дейін жауапкершілігін қарау ұсынылды. 

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы бірлескен шаралардың бірі -  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен жол полициясының таңғы жиындарында түсіндіру шараларын өткізу болып табылатындығы айтылды.

Айта кетейік, қазіргі таңға дейін Полиция департаментіне қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 19 ұсыныс жолданып, 22 полиция қызметкері жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде, 3 қызметкер «қатаң ескерту» алса, 8 қызметкер атқарып отырған лауазымынан, 2 қызметкер жұмыстан шығарылған. 

Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі

Қоғамдық көліктер тұрғындар үшін тегін тасымал жасайды
Асқар Мамин Мақтааралдағы жұмыстарды тексерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу