Біртанов бір емес, екі қателесті
Қазақстанда коронавирусқа қатысты жасалған болжамдар қате болып шықты. Бұрынғы бас санитар Бекшиннің болжамын есептемегенде.
Естеріңізде болса, наурыздың ортасында сол кездегі еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин:
- «Біздің болжамымыз бойынша коронавирус індеті Қазақстанға 11-16 наурыздан бастап жетуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. Бәлкім тағы бір аптаның ар жақ, бер жағындағы уақытты алар. Коронавирус анықталған бойда бірден арнайы шаралар қолданатын боламыз», - деген болатын баспасөз конференциясында.
Сол кезде Бекшиннің болжамын келек-мазақ еткендер де табылды. Алайда болжам расқа шықты. Алғашқы науқас бізде 13 наурызда тіркелді.
Есесіне Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың болжамы қате шықты. Министр бұған дейін Қазақстанда корнавирус індетін жұқтырушылардың саны шарықтау шегіне жеткен кезде үш жарым мыңнан аспайтынын айтқан еді. Алайда министр айтқан «лимит» мамыр болмай жатып-ақ толып қалды.
Сәуірде бас санитар Айжан Есмағамбетова коронавирустың таралуына қатысты тағы бір болжам жасады.
- Сәуірдің аяғына дейін 2 700 науқас тіркеледі деген болжам бар. Ал мамырдың соңына дейін науқастардың саны 4 000-ға дейін барады, - деген болатын бас санитар онлайн брифингте.
Алайда бүгінгі күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтырғандардың саны алты мыңнан асып кетті. Ал мамыр ортасынан енді ауды. Маусымға дейін бұл цифр Есмағамбетова айтқан болжамнан қанша есеге асып түсетіні бір Аллаға ғана аян.
Бас санитардың болжамын тікелей бастығы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен ақылдасып, кеңесіп барып жариялағаны анық. Олай болса, Біртанов осыменен бір емес, екі қателесті.
Аурудың нағыз өршіген кезінде елде төтенше жағдай режимі алынды. 25 мамырда бірқатар өңірлерде карантин режимі тоқтатылады. Бұл тым асығыс қабылданған шешім емес пе? Шешімді жоғарыдағылар болжамға сүйене отырып қабылдағаны анық қой. Ал біздің көріпкел болжағыштардың елге масқара болып отырғаны мынау.