Егізбаев феноменінің сыры неде?
08-04-2021
Жалғыз ұлыңыздың қайғысы бес жылдан бері жаныңызды жегідей жеп біткен болар... Болашағынан жарқын үміт күттірген Шерханнан кенет айырылғанда қанаты қырқылған құстай күй кештіңіз. Енді ғана жарқырап келе жатқан уақытта ізбасар ұлыңыздың қайғы-қасіретін жылдар бойы арқалап жүрудің қаншалықты ауыр соққанын өзіңізден артық сезінген ешкім болмаған шығар.
Енді артыңыздан қалған төрт перзентіңізге, облыстың Құрметті азаматы Кеңесбек көкемізге, Қанткүл апамызға, бауырларыңызға Алла сабыр берсін. Әсіресе әлі кішкентай Елдана көпке дейін әкесін іздеп, есік сықыр етіп ашылса сіз кіріп келетіндей елеңдеумен өтер. Бой жетіп қалған Ақбота, Айдана, Аида қыздарыңыз да асқар таудай әкесін аңсайтын болар.
Сізге деген журналистер қауымының құрметі әрдайым ерекше еді. Қандай мереке болмасын, журналистерді атаусыз қалдырмайтыныңызға, Егізбаев журналистерді, журналистер Егізбаевты іздеп тұрғанына мына өзім куәмін. Өзге басқосуларға бармаса да, Егізбаев шақырған ортадан журналистер қалыспай, түгел келетін. Тіпті әріптесім Бек Әбиев өз қызының, журналистер отбасы - Еркін Оразбаев пен Айнұр Ақбаева ұлдарының тұсауын Сізге кестіргені шынайы құрметтің белгісі емес пе?
Мына бір сәт есімнен кетпейді. Облыс басшылығы ауысып, әкімдік қызметке келген Жансейіт Түймебаев журналистермен болған кездесуде «денсаулық сақтау басқармасына кімді ұсынасыздар» деп көпшілікке сауал тастағанда тілшілер қауымы бірауыздан «Егізбаев, Егізбаев» деп ду ете қалды. Әдетте журналистерге біреу жақса, біреу жақпайды ғой. Бір кандидатураны қолдаушылар да, жақтырмайтындар да табыла кетеді. Осыдан-ақ, төртінші билік саналатын БАҚ өкілдерінің Сізге деген алабөтен көңілі, ерекше құрметі аңғарылады.
Қатардағы бас дәрігер кезіңізде-ақ беделіңіз басқарма басшысынан кем түспейтін көшбасшы екеніңізді дәлелдей алдыңыз. Өзіңізді мойындаттыңыз. Іскерлігіңізбен, қызметкерлерге деген талапшылдығыңызбен ел арасына кеңінен танылдыңыз. «Егізбаев бар жерде темірдей тәртіп бар» деген сөздерді жиі естуші едік. Сіз басшылыққа келген емдеу мекемесі жарқырап, жайнап сала беретін. Депутат ретінде де халықтың қолдауына ие болдыңыз. «Бізге Егізбаевтай депутат керек» деп, сайлау учаскесіне барып дауыс беруін парыз санаған талай сайлаушыларды көрдік.
Салалық басқарма тізгінін өз қолыңызға алған тұста өңірдің медицинасына оң өзгерістер әкелген қаншама жаңалықтар орын алды. Денсаулық сақтау саласының халыққа қызмет көрсету деңгейі едәуір жақсарды.
Амал не, Алланың ісіне не шара? Егізбаевтай ер есімін елі ұмытпайды. Қош, бақұл болыңыз, аға! Иманыңыз жолдас болсын!
Бүгін - барша мұсылмандар үшін қастерлі жұма. Қасиетті Рамазан айының жұмасы. Осы бір қасиетті күнде ағамыздың жаназасы оқылып, аяулы ұлы Шерханның жанына жерленді. Қазір әкесі мен ұлы мәңгілік мекенде табысқан болар?
"Екі Кенен шықпайды, Алатауға ексең де".. деген сөз бар. Енді екінші Егізбаев та шықпайды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы