Қашықтан оқытудың алғашқы аптасы қорытындыланды
Қазақстанда қашықтан оқытудың алғашқы аптасы аяқталды. Осыған орай Kundelik.kz есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz.
- 16 наурызда қашықтан оқытуға көшу туралы хабарланғаннан бастап біздің ұжым күні-түні жұмыс істеді. Қыруар жұмыс атқардық. Қашықтан оқу жағдайында жүйемен жұмыс істеу процесін көрсететін 28 нұсқаулық пен бейне сипаттама дайындалды. Екі апта ішінде байланыс арнасын кеңейту және шектен тыс жоғары жүктемені еңсеру үшін жүйеге қажет қосымша жабдықты ұсыну қажеттігін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеткізумен болдық. Өкінішке қарай, бұл маңызды инфрақұрылымдық мәселелер оқудың басталуына 2-3 күн қалғанда шешілді. 6 сәуірдегі жағдай осы іс-шаралардың барлығы текке кетпегенін көрсетті, - делінген хабарламада.
Оқудың алғашқы күні kundelik.kz сайтына 2,2 миллионнан астам адам кірген, олардың сайтқа кіруі 3,17 млн болса, беттер мен ішкі бөлімдерді 48,7 млн адам қараған.
- Таңғы сағат 9:30-да сайтта бір мезгілде 60 мың бірегей пайдаланушы отырды. Мұндай жүктеме интернет желісі нашар ұстайтын алыс ауылдардағы пайдаланушыларға қиындық туғызды. 6 сәуірде сайтты пайдаланушылардың шамамен 20%-ы осындай проблемамен бетпе-бет келген. Бірақ жүйенің жұмысы тоқтаған жоқ. Ал 6, 7 және 8 сәуір күндері компанияның техникалық мамандары түнгі уақытта серверлер мен деректерді сақтау жүйелерін кеңейтіп, бағдарламалық жасақтау жұмысын жақсартып отырды, - делінген хабарламада.
Сондықтан жүйеге 5 мегабайтқа дейінгі файлдарды ғана жүктеу сияқты шектеу енгізуге тура келіпті.
- Біздің қолдау көрсету қызметіне пайдаланушылар жіберген өтініштердің техникалық мониторингі мен статистика күш-жігеріміздің текке кетпегенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстандағы кез келген интернет ресурс сияқты kundelik.kz порталының да жұмысы құрылғыларға, яғни смартфондар, компьютерлер және планшеттер арқылы кіретін пайдаланушылардың интернет жылдамдығына тікелей байланысты екенін атап өткен жөн, - дейді хабарламада.
Осыған орай интернетке қосылуды қамтамасыз етуге жауапты әрбір адам өзінің кәсіби қызметі деңгейінде сіз тұратын өңір мен елді мекендегі интернеттің мүмкіндігі мен нақты жылдамдығын бағалауы тиіс. Интернет желісі дұрыс болмағаны үшін ғана ауылдық аймақтағы мұғалімдер мен балалар үшін қашықтан оқу қиындық тудырмауы керек.
- Сонымен бірге, біздің компанияның әдіскер мамандары осы күндері әріптестермен және уәкілетті мемлекеттік орган өкілдерімен, жеке компаниялармен бірлесе отырып, kundelik.kz арқылы оқу контенті, бейнесабақтар және басқа да материалдарды ұсыну бойынша үздіксіз жұмыс істеді. Жетекші мектептердің мұғалімдеріне және Алматы қаласы білім департаментінің қызметкерлеріне, Daryn.Online, Opiq.kz компанияларына осы қиын күндері білім беру контентін ұсынғаны үшін алғыс білдіреміз. Бұл материалдарды kundelik жүйесінен көруге болады және еліміздің мұғалімдері оны оқу үрдісінде пайдалана алады. Біздің осы күш-жігеріміз қашықтан білім беру процесін қамтамасыз етуге, оқушылардың білім алуына және мұғалімдердің білім беруіне көмектесуге бағытталған. Біз кәсіби түрде білім беру контентін жасаумен айналысатын кез келген компанияны ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамыз. Олардың жасаған контентін өз алаңымызда орналастыруға дайынбыз, - делінген баспасөз хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, "Күнделік" электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесі 2,9 миллионнан астам оқушыға, 2,2 миллион ата-анаға және 340 мың мұғалімге қызмет көрсетеді.