Ұлт мұрасын жаңаша бағамдау. «Ұлы даланың жеті қыры»

Oinet.kz 01-12-2018 738

Screenshot_2.jpg

«Тамырсыз тал болмайды,

Тарихсыз ел болмайды...» 

Осылай басталатын мақал Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бар мәнін ашып тұрғандай.

Мен бұл мақаланы оқи отыра Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір мәрте қанықтым.

«Жаяу жүрсе – бір қазақ, атқа мінсе – мың қазақ» демекші, бұл мақалада ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлділі сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған.

Тауында жатқан тасын түрсең тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп білемін. Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтер мен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда Мемлекет басшысы ұсынып отырған  «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобалардың мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп санауға болады.

Сонымен қатар мақалада айтылған адамзаттың ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген орны бөлек Отырар, Қожа Ахмет Яссауи ілім алған Түркістан қалаларын тарих сахнасында қайта жаңғыртып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы негізінде бейбітшіліктің символына айналған ажарлы Астанамыз түркі тілдес халықтарының ортақ үйіне айналары айдан анық.

Мен бұл мақалаға көз сала отырып, қарға тамырлы қазақтың ғана емес, түбі түркі дүниесінің тарихын түгендеген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевты түркі тілдес халықтарының Көшбасшысы ретінде таныдым.

Аталған мақалада жоғары айтылған тарихи тың деректер мен архивтерден табылған құнды құжаттар ұлттық сарындағы жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болатыны айтылған.

Қорыта келгенде  ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды. Бұл – менің мақаланы оқудан түйген ойым.

Өз ойымды Елбасының «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе болған жоқ» деген сөзімен аяқтап, болашақта да ұлт тарихында біз ұялатын еш нәрсе болмайтынына сенім білдіргім келеді.

Р.БЕКТҰРҒАНОВ,

№2 қалалық ауруханасының бас дәрігері

Шымкент

Қашықтан оқытудың алғашқы аптасы қорытындыланды
Елімізде 68-ші адам коронавирустан емделіп шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу