Ақтөбеде бір адам көз жұмды
Ақтөбенің Хромтау ауданында оқ жарақатынан бір адам көз жұмып, біреуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«17 наурыз күні сағат 03:10-да Хромтау аудандық орталық ауруханасына екі тұрғын оқ жарақатымен жеткізілді. Біреуі - 40 жастағы ер адам. Ол оқ жарақатынан аудандық ауруханада көз жұмды. Ал екіншісі хирургия бөліміне жеткізілді. Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, Хромтау қаласы Әліпов көшесінде белгісіз біреу қару қолданып, жәбірленушілерді өлтіру мақсатында оқ атқан. Жедел іздестіру барысында полиция қызметкерлері Хромтау қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.