Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланды

Oinet.kz 17-03-2020 798

карантин.jpg

Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.  

Мұндай шешімді Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдады.

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID -19 таралу жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

19 наурыз сағат 00:00-ден келесі шаралар күшіне енеді:

карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

карантин аймағының периметрін белгілеу және одан кіру/шығу пункттерін анықтау;

адамдардың жүріп тұруын, сондай-ақ көлік құралдарының кіруін/шығуын шектеу;

үш санат бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету: жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндік;

халықты азық-түлікпен жабдықтауды ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі үшін оңтайлы, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалық аумақтағы секторларды және олардың шекараларын анықтау;

қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауарлар сатылатын сауда базарларының, ірі сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сату жөніндегі оларда орналасқан объектілерді қоспағанда, тоқтата тұру;

санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, "клиенттерге жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жаңа жұмыс режимін белгілеу;

ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

карантин аймақтарындағы халықтың және әрбір сектордың тамақ өнімдеріне, дәрі- дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен бірінші қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін айқындау;

карантин аймағының әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша азайтуды ескере отырып, сауда және азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Қазақстанда тағы бес адам коронавирус жұқтырды
Тоқаев коронавируспен аянбай күресіп жатқан дәрігерлерге алғысын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу