Арыстағы жарылысқа қатысты тергеу амалдары неге созылып кетті?

Oinet.kz 12-03-2020 945

10651122.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.  Кездесуде Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына әлемдегі заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді қалыптастырудың және дамытудың тұжырымдамасын пысықтау, сондай-ақ, қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, әскери техникаларды инвентаризациялау және тексеру жұмыстары туралы баяндалды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің геосаяси және экономикалық бағыттағы сын-қатерлерді мониторингтеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары, халықаралық әскери ынтымақтастық мәселелер туралы айтты. Сонымен қатар еліміздің Қарулы Күштерін тиімді басқаруды жақсартуға және қорғаныс қабілетін арттыруға негізделген заң жобасын дайындау жайында мәлімет берді.

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің, оқ-дәрі қоймаларының, полигондар мен әскери қалашықтардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстарын жүргізуге баса мән берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы Бас қолбасшы Қорғаныс министріне әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтеруге және әскери кадрларды дайындау сапасын арттыруға, сондай-ақ, әскери тәртіпті күшейту шараларын қабылдауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Жалпы, Тоқаевтың оқ-дәрі қоймаларының жағдайын жақсарту туралы тапсырма беруі бекер емес. Былтыр Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс төрт адамның өмірін қиып, миллиардтаған теңге материалдық шығын алып келді. Ең қызығы, бүгінге дейін осыған қатысты қозғалған қылмыстық іс аяғына жеткен жоқ.

28 маусымда Арысқа келген қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осы қылмыстық іске біршама түсінік берген болатын.

– Жарылыс болған күні мен бөлімше командирімен бірге әскери көлікпен барлық бейнебақылау камераларын алып шықтым. Оқиға кезінде кімнің не істегені, қаншалықты нұсқауға сәйкес әрекет еткені осы камераларға жазылған. Оны тергеушілерге тапсырдық. Бұл қателік пе, әлде салғырттық па, тергеу амалдары осының бәрін анықтап беруі тиіс. Кінәлілер заң алдында тиісті жазасын алады. Апаттың себептерін алдын ала айту қиын. Электр желілеріндегі ақау, химиялық реакция немесе дала өрттері де себеп болуы мүмкін. Диверсия деген болжамға дейін қарастырылады, – деген еді министр.

Тамыздағы жарылысқа байланысты Арыстағы әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасарының сот санкциясымен екі айға қамауға алынғалы туралы ақпарат тарады. Бірақ, арада тоғыз айға жуық уақыт өтсе де тергеу амалдарының аяқталмаған сияқты. Ең қызығы, құзырлы органдар да үнсіз.

Ал арыстық тұрғындардың айтуынша, әскери қоймадағы қалған оқ-дәрілердің көзін жою, дәлірегі снарядттарды Арысқа жақын жердегі полигонға апарып жару жұмыстары қайта жалғасты. Ол былтыр күзде күннің суытуына байланысты тоқтатылған болатын.   

Олимпиада биыл өтпеуі мүмкін
Мектеп түлектері ҰБТ тапсыра ма - Коронавирус пандемиясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу