Қазақстанның бес облысында дабылды ескерту жарияланды
Бұған дейін синоптиктер 8 наурызда республиканың басым аумағында күн суық, ала бұлтты болады деп болжаған еді. Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде дабылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Sputniknews.kz порталына сілтеме жасап.
7 және 8 наурызда бес облыста ауа райы бұзылады, деп ескертті синоптиктер.
Атырау облысында 7 наурызда шаңды дауыл тұрады, оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с дейін барады.
Қызылорда облысының кей жерлерінде және Қызылорда қаласында шаңды дауыл соғады. Желдің күші кей аймақтарда 15-20 м/с болады.
Жамбыл облысының Тараз қаласында 7 наурыз күндіз, 8 наурыз түнде жел 23 м/с дейін күшейеді, тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 25 м/с дейін барады. Петропавл қаласында да жел күшейеді.
Түркістан облысының кей жерлерінде солтүстік-шығыстан күші 15-20, екпіні 23-28 м/с жел соғады деп болжанып отыр.
Түркістан қаласында желдің екпіні 25 м/с дейін жетеді.
Шымкент қаласында да жел күшейеді.
Бұған дейін синоптиктер 8 наурыз мереке күні Қазақстанда күн суық, ала бұлтты, бірақ жауын-шашынсыз болады деп болжаған еді. 9 наурызда елдің батыс облыстарына Қара теңізден жылы ауа массалары ығыса бастайды. Соның әсерінен республиканың қалған аумағында да күн жылынады.